Ойын алаңдарын аралады

(0 Votes)

«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Есболат Құбашев пен комиссия мүшелері Ақынжан Хусаинов, Оразғали Алғаязов, Қанат Ғұмаров және Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы Нұрбол Кендебаев Құрманғазы ауылдық округінің Үлкен Кресті, РТС, Самаркин ауылдарында болып, балалар ойын алаңдарының жай-күйіне назар аударды.

–Жоспарымызға сәйкес ауданымызда  партиялық бақылау комиссиясының бақылауында тұрған салынып жатқан нысандарға  ай сайын шығып, жұмыс барысын қарап отыруға міндеттіміз. Соның ішінде  балалар ойын алаңдарының кейбіріне түнгі жарық тартылмаған. Оны қарағанымызға  бірер айдай уақыт болды. Енді қазір сол кезде орын алған кемшіліктерді жою барысын  қараймыз. Жұмыс қалай жүріп жатқаны назарымызда ұсталады. Ойын алаңдарының көбі әлі қабылданған жоқ. Жай-күйін, қашан бітетінін анықтап, жауапты адамдардың қатысуымен партиялық бақылау комиссиясының отырысын өткізуді қолға алуымыз керек деп есептеймін – дейді бізбен әңгімесінде партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты  Есболат Құбашев. 

Бұған дейін Құрманғазы ауылдық округіне қарасты Үлкен Кіресті ауылында футбол  алаңының жұмысы басталған да, тасталғанын, түнгі жарық жоқ екенін, мердігер жосықсыз деп танылып сотқа берілгенін жазғанбыз. Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері  сол жолы  біраз сын айтқан. Енді, көлемі 20х40 футбол алаңына  газон төселіп, түнгі жарығы орнатылып, сыртына адам отыратын сәкілер қойылып, сәні кіріп қалыпты. Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы Нұрбол Кендебаев аталған алаңның округ теңгеріміне берілгенін, өткен жұмада салтанатты түрде ашылғанын жеткізді. Комиссия төрағасы Есболат Захарұлы оны  күтіп ұстау мәселесіне қатысты сұрақ қойды. 

Жапырық ауылындағы  балалар ойын алаңы мен қасындағы  қоршалған футбол, баскетбол алаңдары әдемілігімен қашықтан  көз тартады. Мұндағы баскетбол  мен спорттық жаттығу құралдары қойылған алаңдарға жұмсақ кафел төселіпті. Велосипедті сүйеп қоятын орын, сәкілер тұр. Бірақ, түнгі жарықтан мақұрым қалған. Бұл мәселе әлі шешілмепті. Алдындағы үйлердің ауласының сыртына құрылыстан шыққан материалдар, қоқыстар үйіліпті. Округ маманына үй иелеріне айтып оларды жойғызу, ойын алаңының айналасына тал егуді құнттау тапсырылды. 

РТС ауылындағы 20х40 ойын алаңының техникалық жұмыстары қалған. Жарық тарту жобада қаралған. Осы ауылдағы Достық көшесіндегі екінші ойын алаңында шөптер өсіп кеткен. Ескі ойын алаңы да солай. Соңғысын  абаттандыруға салғанмен тұрғындар бүлдіріп тастай береді екен. Самаркиндегі  қоршауы бар ескі ойын алаңының  көлемі атшаптырым. Бірақ мұнда ешкім келмейтін көрінеді. Осыларды аралап шыққан комиссия мүшелері  ойын алаңдарына қатысты бірқатар сын-ескертпелерін айтып, жөнге келтіру қажеттігін ескертті.

Қанат Зарлыханұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT