Ойын алаңдары қирап тұр

(0 Votes)

Амантай Түсіпқалиев, Құрылысшылар ауылының тұрғыны:

- Ойын баласы ойнауы керек. Өйткені, ойнау арқылы жас жеткіншектің енді жетілген ағзасында даму процестері жүріп, ойлау қабілеті қалыптасады. Мен Құрманғазы ауылдық округіне қарасты Құрылысшылар ауылының байырғы тұрғынымын. Елді мекеніміздің гүлденіп, оған демалыс орындары жасақталғанын жақсы көріп, қуанып отырамын. Соның бірі, екі жыл бұрын үйдегі кішкентайлар   уақытын тиімді өткізуі үшін жаңадан балалар алаңы салынып, бәріміз оған мәре-сәре болған едік. Алайда, ол қуаныш ұзаққа бармады. Бастапқыда айнадай жалтыраған жабдықтардың қазіргі түрі адам танымастай өзгерген. Кейбірі мерзімі өтпей жатып тозса, енді бірі сынып, қираған. Жарамсызы өз алдына, қауіпті жағдайда тұрғаны да бар. Ал, осындай көз көріп жүрген мәселеден алаңқайға жауапты орындар бейхабар деп ойламаймын. Қайтадан жөндеу жұмысын жүргізсе не ауыстырса екен. Егер осыны ескерусіз қалдырар болсақ, ойын баласы абайсызда жарақат алуы мүмкін. Ақыры қайырсыз аяқталмасын десек, қазірден қолға алған дұрыс-ақ.

 

ojyn-alay-irap-tr

Муса Абдуррахман, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі

- Мұндай балалар алаңы Құрманғазы ауылдық округі бойынша Құрылысшылар, Жапырық, Тәжібай, Самаркин, РТС және Бұзауслан елді мекендерінде орналасқан. Бәрінің де бой көтергеніне көп уақыт өте қоймады. Десе де, Құрылысшылар ауылының тұрғыны жолдаған сауалы – алты алаңқайға да ортақ проблема. Округ әкімшілігінің мамандары аталған мәселемен жіті таныспыз. Аудан азаматы ретінде мұндай келеңсіздікке менің де жаным ашиды. Жергілікті жастар түнгі мезгілде осы жерге жиналады. Алайда, серуендеушілер демалыс орынында кездескенімен қоймай, айналасындағы заттарға зиянын тигізуде. Шағып, қирату да солардың қолынан жасалып отыр. Жиынына қарсылығымыз жоқ. Тек балақайлардың ойын құралдарына немқұрайлылық танытпай, көзінің қарашығындай қараса екен. Алаңқайлар округ балансында болғанымен, оны күтіп ұстауға қаражат бөлінбеген. Сондықтан, тұрғындардан әр мүлікті жауапкершілікпен пайдалануын үзбей айтып келеміз. Бірақ, қорытынды жоқ. Бұл ретте, қираған жабдықтардың түзеу жұмыстарына  ауыл жанашырларынан, не мектеп бітірген түлектерден демеушілік жасауын,  мүмкіндігінше көмектесуін сұраймын. «Жыртығымызды жамауға» бір кісідей ат салыссаңыздар екен деген тілек бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT