Көктем келіп, күн жылынып, жер бусанып, кең далаға ерекшелік сыйлап үлгерді. Ылғалды шөпке бөккен мал атаулы жерден басын алар емес.
Қақаған қыстан аман шыққан шаруалардың қорасында түйе боздап, қой қоздап, қорада шу... Газетіміздің осы санында атадан балаға мирас боп қалған мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған Мажитовтар отбасы туралы әңгімелемекпіз.
Мажитовтар әулеті - еңбегімен ауданға еленген, төрт-түлігін сайлап отырған елге үлгілі отбасы. Шаңырақ иесі Қуан атамыз - бабадан қалған мұрасына қиянат қылмай, атакәсібін жалғаған шаруа. Әскерден оралған соң, алғашқы еңбек жолын «Октябрь» кеңшарынан, төрт-түліктің төресі түйе бағудан бастапты. Естен кетпес есті күндерін «Әкем өмірден өткен соң, бұл кәсіпті өзім қолға алдым. Әр нәрсені бастаған шақта қиындығы болары сөзсіз. Жеңгем заманында түйенің екі жағына теңдей күбі байлап, аудан орталығына барып шұбат сатқан кездері болған. Кейін кеңшар тараған соң, жеке қожалық етіп өз атыма жаздым»,-деп еске алған Қуан атаның шаруашылығы отбасылық кәсіпке айналған. Қазіргі таңда өзінің ұлы Асхат әке жолын жалғап отыр. Жайылымы елден бөлек, малдың қоңды болуына ыңғайлы қоныста, Ақкөл жерінен 20 шақырым жердегі Садақ елді-мекенінде орналасқан. Қорасында түйе, жылқы, қой, сиырдың бәрі бар. Өнімі де мол. Әр жылда, 100 аналыққа шаққанда 100-ге жуық қозы, 50-ге жуық бота, 20-ға жуық бұзау, 20-ға жуық құлын алады. Мал басының аман сақталуы 100 пайыз қамтамасыз етіліп отыр. Жүн өндіруден де жоспарлы өнімін алады.
Қуан атаның жұбайы Бақыт апай да бұл саладан алыс емес. Заманында қой семіртумен айналысқан. Шопандар слетына қатысып, түрлі марапатты иемденген. Маңдай терінің жемісін көріп отырған қариялар, ұрпағының да қызығына бөленуде. «Ата көрген оқ жонар» демекші, ұлының да осы кәсіпті өрге сүйреріне сенімі мол. Үшінші ұрпаққа мирас боп қалған шырақты сөндірмеген кейіпкерімізге ерен еңбегіңіз еленсін, ұрпағыңыз көбейіп, көсегеңіз көгерсін демекпіз.
Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН