Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жайық» спорт кешенінде білім беру қызметкерлері ардагерлері арасында Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ибат Қамешұлын еске алуға арналған футзалдан облыстық турнир өтті.
Турнирге Индер, Исатай, Құрманғазы аудандары, «Шәкірттер», «Өрлік», Атырау университеті командалары қатысып, бақ сынады. Жеңістен үмітті ардагерлер ойын көрігін қыздырды. Қарсыластардың қайсысының да қақпаларының алдында қауіпті сәттер орын алды. Кейде аяқтан-аяққа құстай ұшқан теңбіл доп торда тулап та жатты.
Әрине, жарыс болған соң оның қорытындысымен жеңімпаздар анықталады. Ауданымыздың командасы бұл сайыста ІІІ орынды иеленді. Құрманғазы ауданы командасы сапында Алмажи Өтегенов, Әділбек Ізімов, Қайыржан Бимурзаев, Асқар Уахитов, Зинель Ғилаев, Өркен Тәжібаев, Мерей Құспанов, Бекболат Шарипов, Мақсат Ниғыметов, Төремұрат Сисенғалиев өнер көрсетті. Ойыншыларымыздан Тілекқабыл Шамашевқа турнирдің «Үздік қақпашысы» аталымы табысталды.
Қанат ҒҰМАРОВ