Облыстық кітапханада тұсауы кесілді

(0 Votes)

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық ақпараттық кітабының тұсаукесері өтті. Шара алдында Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Атырау облысы мен Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы Құрманғазы аудандық «Теңіз» филиалының, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, аталған кітаптың редакторы   Өмірзақ Қажымғалиевтің шығармашылығынан «Бір өлке – бір жазушы» кітап көрмесі таныстырылды.

Тұсаукесерді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының батыс аймақтары бойынша хатшысы, ҚЖО-ның Атыраудағы өкілі  Әлия Дәулетбаева жүргізіп, академик-жазушы Ө.Қажымғалиевтің шығармашылығына жақсы баға берді: – Атырау өңірінің ардақты перзенті Өмірзақ Қажымғалиұлы ағамыз  кезекті ақыл-ой еңбегінің, тынымсыз, үздіксіз зерттеуінің нәтижесін алдарыңызға  әкеліп отыр. Бүгінгі күні осы кітаптардың тұсау кесуіне куә боламыз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, «Туған жер – Қазақстан» өлкетанушылар қоғамдық бірлестігінің «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық жобасы» аясында Атырау облысы Құрманғазы ауданының өңірлік тарихы жөнінде жазылған, 2020, 2021 жылдары «Ағатай», 2024 жылы «Қазақ тілі» баспасынан шыққан үш томдық  «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» энциклопедиялық анықтамалығы бүгін оқырманға жол тартпақ. Осы кітаптың редакторы Өмірзақ аға туралы бөлек айта кету керек. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. Өмірін екі бірдей қоғамдық формацияда өткізгенін өздеріңіз білесіздер. Кезінде ауыл шаруашылығы саласында үлкен лауазымды қызметтер атқарған ағамызды Тәуелсіздік алғаннан бері қаламгер ретінде танимыз. Әрине, өздеріңіз білесіздер адамзаттың бойына біткен дарын қуаты, талабы, қабілеті болса жазушылыққа бет бұрады. Шаруашылық саласында жүргенімен ұзақ жылдар толғатып, өмірінде кездескен оқиғалар, қоғамдағы түрлі кейіпкерлерді сомдап, әдеби шығармалар да жазды. Олар оқырмандарынан жақсы баға алды. Теңеп айтсақ өлке тарихын түгендеген қызғыш құс секілді толассыз еңбегінің нәтижесінде жарық көрген бұл кітаптар қоғамнан өз орынын алып, оқырмандарды өлке тарихымен кеңірек таныстыратын болады, – деп кітаптың бас редакторы Өмірзақ Қажымғалиев, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиеваны қошеметпен ортаға шақырды. 

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Сара Ізмұхамбетова рухани орынға келген құрманғазылық қонақтарына қош келдіңін айтып, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалұлына Алғыс хатын табыс етті.  «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» кітабының тұсау кесерін рәсімін атқарып, лентасын қию аудан әкімінің орынбасары А.Мұратов, аудандық мәслихаттың төрағасы Г.Қалиева, Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры С.Ізмұхамбетова, ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Т.Дәрелұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының батыс аймақтары бойынша хатшысы, ҚЖО-ның Атыраудағы өкілі  Ә.Дәулетбаеваға жолданды.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы: – Бүгінгі шараға жастар да, үлкендеріміз де қатысуда. Жаңа кітаптар оқырмандарға қолжетімді болады деп есептейміз. Мұнда Құрманғазы ауданының тұмса табиғаты, флорасы мен фаунасы, тарихи тұлғалары, архелогиялық орындары, еңбек адамдары, қасиет қонған, елге пайдасы тиген шипагерлері қамтылған. Кітапты керек кезде анықтама ретінде пайдалана аласыздар. Құр сөзбен баяндалып қоймай, өте қызықты, тартымды, оқуға жеңіл тілмен дайындалған. Бір бет мақаланы да жазу оңай емес.  Ол да екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан, мұның артында Өмірзақ ағамыз бен осында қатысып отырған, ауданымызда құрылған «Өренді өлкетанушы» клубы мүшелерінің  үлкен еңбегі жатыр. Аудандық музейде жиі бас қосқан клуб мүшелерінің жұмысына өзім куәгермін. Үшінші томы қалай жазылғанын көзіммен көрдім. Ағамыздың бір ауыз сөзін жерге тастамай бәрі бірлесіп жасаған жұмыстың арқасында осы кітап дүниеге келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер «Өренді өлкетанушы» клубы бізде және Исатай ауданында құрылған. Бұл кітаптан басқа ауданымыздағы 19 ауылдық округтің шежіре кітабы дайындалу үстінде. Оның да басында Өмірзақ Қажымғалиұлы тұр, – деп тағылымды шара ұйымдастырып жатқан Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Сара Салахатдинқызына ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің  Алғыс хатын  берді. Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева да ізгі тілегін жеткізіп, кітапхана басшысына Алғыс хатын ұсынды.  

«Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық ақпараттық кітабының бас редакторы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы: – 2018 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық жобасы» атты маңызды орындардың картасы шығарылды. Оны көргеннен кейін өлкетану жөніндегі біліміміз өте таяз екеніне көзіміз жетті. Жаңағы картаға облыстан 32, ауданнан 1 нысан кіріпті. Біздің жерімізде де тарихи нысандар аз емес. Осыны ойлап, ақылдаса келе туған жерімізді түгел қамтитын кітап шығару қажет деген тоқтамға келдік. Жалпы Еділ мен Жайық арасында 381 көл мен төбелер бар болса, соның 122-сі біздің ауданымызда. Бұл кітапты шығаруға бүкіл аудан қосылды. Үшінші томды шығаруға аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. Қайта-қайта келіп, белсенділік танытты. Кітаптың девизі не дегенде отыз жасында дүниеден озған Қадрия Темірболатқызы Оразбаеваның «Үлкен халықты кіші етер замандар, кіші халықты үлкен етер адамдар», деген сөзін алдық. Бірінші кітапты шығаруға біз ешкімнен ақша сұрамадық. Оны қаржыландыруға белсене араласқан Еңсегенов Сәрсенбай Құрманұлы. Екінші кітап осы отырған өлкетанушылардың өз күшімен жарық көрді. Әрқайсысы өздерінің қалтасынан шығарды, округ әкімдерімен бірлесіп  халықты ұйымдастырды. Ал, үшінші кітап Абат Сайфоллаұлының еншісінде. Демеуші тауып берді, жұмыстанды. Кітапқа ашаршылық  кезінде  бүкіл ауылдың қазанын қайнатқан аңшыларды, жоқшылық  кезде тұрмыстық құралдарды дайындаған, сынық кәсені жөндеп, жамап шай құюға жағдай жасаған, құмандарды құрсаулап берген көрік ұстаған ұсталарды, халық арасындағы емшілерімізді, еңбек адамдарын, ақын-жазушыларымызды кірістірдік, – деп осы шараны ұйымдастырушыларға, жүргізген Әлия Дәулетбаеваға,  арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратовқа, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиеваға, кітап шығаруға қатысқан аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелеріне алғысын білдіріп, осы күнге жете алмай кеткендерінің есімін ризашылықпен еске алды.

Аталған «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық ақпараттық кітабы авторларының бірі, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, танымал ақын  Таңатар Дәрелұлы  жаңа туындының аналарға арналған тарауы жайлы қызықты әңгімелеп, оның бастауында тұрған өлеңін оқып, аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова үш том  жайлы слайд арқылы қысқаша шолу жасады. Шара барысында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері Ғазиза Мұстафина, Інжу Қуаныш әсем әндер орындады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT