Атырау облыстық мәслихат депутаты, әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Даралиев Нұрлыбек Нұрболұлы ауданымызға арнайы іссапармен келіп, бірқатар білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін аралап, мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті. Ең алдымен, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде болып, аудандағы мәдениет үйі, кітапхана және спорт мектебі қызметкерлерінің проблемалық мәселелерін тыңдады.
Кездесу барысында мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында аудан өнерпаздарының шалғай елді мекендерін түрлі концерттік бағдарламалармен аралауға жол талғамайтын автокөлік және заман талабына сай жылжымалы сахна қажеттілігі айтылды. Аудандық орталықтандырылған кітапхана басшысы Анар Нуриқызы кітапхананың жеке ғимаратының жоқтығын, қазіргі таңда 332314 кітап қоры бар екендігін, оның ішінде аудандық кітапханада 41310 кітап осы қорды орналастыратын жердің болмауына байланысты жартысы сөреде орналасқанын, ал қалған бөлігі белгілі бір орында жинаулы тұрғандығын жеткізді. Аудан бойынша ауылдық округтерде орналасқан 26 кітапханада материалдық-техникалық база 2000 жылы алынғанын, яғни күні бүгін оның тозығы жеткенін тілге тиек етіп, жаңарту қажеттігін ұсыныс етті. Сонымен қатар ауылдық округ мәдениет үйінің басшылары «Мемлекеттік сатып алу қызметін ұйымдастыруға» арнайы штат қарастыруды немесе есепшілердің біліктілігін арттыруды ұсынды.
Кездесу соңында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Ғаділханкызы облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Нұрболұлына ауданымызға келіп мәдени сала қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдағандығына алғысын білдіріп, көтерілген мәселелердің алдағы уақытта оң шешімі табылуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, мәслихат төрағасы өз кезегінде аудандық мәслихатта қазіргі таңда 2 тұрақты комиссия (экономика, салық және бюджет саясаты мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия және әлеуметтік сала, жастар саясаты, заңдылық пен құқық және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия) жұмыс жасайтындығын дегенмен олар тұрақты негізде жұмыс жасау үшін штат бөлуін сұрады. Депутаттардың қызметін жүзеге асыру барысында шығындарды өтеуге, яғни іссапар шығындарын төлеуге арнайы ерекшелік қажет екендігін ұсыныс етті. Облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Оңдасынқызы ауданымызда мәдениет саласы бойынша бой көтергелі отырған нысандарды қаперге берді.
Ұсыныс-пікірлерді тыңдаған Нұрлыбек Нұрболұлы түйткілді мәселелердің шешімдерін табу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаты жұмыс сапары барысында Жаңаталап ауылдық округіндегі «Нұрбөбек» бөбекжай балабақшасы, Орлы ауылдық округі «Балдырған» бөбекжай балабақшасының тыныс-тіршілігімен сонымен қатар, Теңіз ауылдық округіндегі «Айсамал» балабақшасын көшіру мақсатында бұрынғы мектеп ғимаратымен танысты. Аталған екі балабақша бойынша арнайы мамандарға бөлмелер, акт зал, дене шынықтыру, балаларға алғашқы көмек көрсету, изолятор бөлмелерінің жетіспеушілігі – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Теңіз ауылдық округінде орналасқан «Айсамал» балабақшасында І топ баланы қамтиды, ал кезекте тұрған бала саны - 90. Бұрынғы мектеп ғимаратын қайта жаңартып, балабақшаға қолданысқа беру мақсатында жобалық сметалық құжаттама жасақталып, қазіргі таңда мемлекеттік талдауда тұр. Округ әкімі Қайсар Мақсотов бұрынғы мектеп ғимаратының қазіргі жай-күйімен таныстырды.
Облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Даралиев өзінің жұмыс жоспарына сәйкес аудандағы денсаулық сақтау нысандары, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс барысымен танысып, проблемалық мәселелерін тыңдады.
Айнагүл Күнұзаққызы