Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ҚР-на еңбегі сіңген қызметкер, «Ерен еңбегі үшін» медалі, өзге де мемлекеттік наградалардың иегері Өмірзақ Қажымғалиұлына облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 9 сәуір №38-VII шешімімен Атырау облысының Құрметті азаматы атағын берді.
Махамбет Жолдасғалиұлы еңбегі ерен ел ағасына салтанатты түрде куәлігін табыстап, иығына төсбелгісін қадады. Бұл құрманғазылықтар үшін ортақ абырой, зор мақтаныш. Өйткені, облыстың Құрметті азаматы атағын алу бақыты күй өлкесінің 58 мыңға жуық тұрғыны ішінде Өмірзақ Қажымғалиұлының маңдайына жазылыпты. Оның артында елге, туған топыраққа сіңген қажырлы еңбек тұрғанын біз әрине жақсы түсінеміз. Мерейі үстем болған академик жазушыға қаламыңыз мұқалмай, жазарыңыз таусылмасын деген тілегімізді білдіреміз.
Редакция