Сүйіндік ауылдық округінде аудан әкімдігі жеткізген тегін азық-түлік пен балық 20 отбасына таратылды.
Мұнда да оны округ әкімі Қанат Құлшар қабылдап алып, тізім бойынша үлестірді. Тегін азық-түлікті алуға келген аз қамтылған отбасыларымен әңгімесінде аудан әкімінің орынбасары Жандос Мнафихұлы: – Әлемде қандай жағдай болып жатқынын естіп отырсыздар. Бұл індет адамнан жұғады. Сіздер мал өсірумен айналысып келесіздер, үнемі далада жүресіздер. Соны ескеріп сақтық шараларын алғандарыңыз дұрыс. Даладан келгеннен кейін киімдеріңізді сыртқа шешіп, қолдарыңызды антисептикпен шайып немесе мұқият сабындап жуып үйге кіріңіздер. Есіктеріңіздің тұтқасына хлораминге батырылған марлі орап қойыңыздар. Бұл 14 күнге дейін жұққанын білдірмейтін ауру. Қол беріп амандаспаңыздар. Қазір көптеген мекемелер қашықтан жұмыс жасауға көшті. Әкімдікте бес адам қалдық. Балалар мен студенттер үйден оқып жатыр. Әрине, сіздерде интернет жағы қиындау екенін білеміз. Азғыр өңіріне талшықты оптикалық байланыс желісінің былтыр 84 шақырымы жүргізілді. Толық аяқтауға мүмкіндік бар. Төтенше жағдай біткеннен кейін бұл жұмыс пен газды тұрғын үйлерге тарту жалғасын табады. Бүгінгі басты мақсатымыз халықты коронавирус індетінін аман алып қалу. Еліміз бойынша оны жұқтырғандар саны мыңнан асты. Оның 58-і сауығып шықты. Ең бастысы Еуропаның Италия, Испания сияқты елдерінде орын алған жағдайға жол бермеу. Сіздер шекара бойында отырғандықтан мұнда ауырған адамдар кіруі мүмкін. Сондықтан округ әкімі, ауыл үлкендері осы жағын қадағалаңыздар. Жаңа ғана Асанда басқа аудандардан келген мал алушылар жүргенін естідік. Котяевте, 9-ші бекетте блокпост тұр. Қалай өтіп кетіп жүр? Оларды іздеп табу қажет. Індет сырттан келген бір адамнан жұқса жылдам тарала береді. Басқа жақтан келген аудан тұрғындары міндетті түрде тексерілуден өтеді. 14 күн ішінде аурмаса жұмысқа қосамыз.
Ауылдарыңызға келгендегі басты мақсатымыз - сіздердің жағдайларыңызды білу және 50 отбасына осы тегін азық-түлікті жеткізу. Оның ақшасын төлеп жатқан өздеріңізден сайланған облыстық мәслихат депутаты Оразғали Қаршегенов. Асан ауылдық округіне облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов көмектесті, - деп тағы да осындай көмек жеткізілетінінен хабардар етті.
Қ.Ғұмаров