Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев жұмыс сапарымен Құрманғазы ауданында болып, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. «Заң және тәртіп» және «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын жергілікті жерлерде жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған жиынға облыстық прокуратура, полиция департаменті қызметкерлері, облыс әкімдігі дербес бөлім, басқармаларының мамандары қатысып отырды.
Басқосуды аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, сөзді облыс прокуроры М.Басшыбаевқа берді. Ол өз сөзінде бұдан бұрында қызмет еткен жерлерінде халықпен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді шешуге жұмыстануды дәстүрге айналдырып келгенін айтты. Ондағы мақсат халық пен билік арасында ашық диалог орнатуды нығайту, құқықтық мәдениетті арттыруға атсалысу, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сол арқылы қоғамда тыныштық, әділдік пен тәртіп орнату екенін атап өтті.

Жиын барысында аудан прокроры Абзал Сахиев азаматтардың құқығын қорғау, заңдылықты орнату, қылмыспен күрес бағытында атқарылған жұмысынан қысқаша хабарлама жасады. Жағдаймен танысқан облыс прокуроры М.Басшыбаев аудандық прокуратураға, басқа да құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берді. Бұдан кейін тұрғындардың талап арыздары тыңдалды. Оларды мұқият тыңдаған облыс прокуроры көтерілген мәселелерді назарда ұстайтынын, жергілікті атқарушы билікке шешу жолдарын қарастыруды ұсыныс етті.


Мәдениет үйінің фоэсінде прокуратура қызметкерлері мен облыстық дербес бөлім өкілдері тұрғындарды жеке мәселемен қабылдап, заңдық тұрғыда жауаптарын берді. Соңында облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев аудан активімен де кездесу ұйымдастырды.

