Облыс әкімі Серік Шапкенов Азғыр өңірінің тұрғындарымен кездесті

(0 Votes)

Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шапкенов жұмыс сапарымен Сүйіндік ауылдық округінде болып, Азғыр өңірінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлжаннат Қалиева жүргізді. Сүйіндік мәдениет үйінде өткен жиында  аймақ басшысы Құрманғазы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

– Ең күрделі мәселе Азғыр жолының құмды, сорлы болып отырғанында. Ғылыми институттар келіп бұл жерге қатысты жоба ұсынды. Сол бойынша қозғалатын боламыз. Барлық ішкі резервтерді осы жолдың №36-98 шақырымына жұмылдырамыз. Жұмыс екіге бөлініп, 60 және 90 шақырымына жасалады. Бір учаскесінің, аталған 60 шақырымын шештік құжаты дайын, екіншісін де бірге ала кетуіміз қажет. Әр учаскені мердігерлерге 30 шақырымнан бөліп береміз. Бұл жұмыстың сапалы жасалуы үшін керек. Әйтпесе бір мердігер алса бітіруді созып кетеді. Алыстан тасымай қажетті материалдарды сол жерден аламыз. Ең бастысы жоспарымыз жасалды, барлық күшті осы жолға жұмсаймыз. Бірінші кезекте жолды жөндейміз. Бұл 40-50 млрд. теңгеге шығады. Екіншісі ток көзін Құрманғазы ауылынан тартсақ дейміз. 200 шақырымдық желі  15-20 млрд. теңгеге шыққалы отыр. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Ертең Ресей энергия бағасын көтеріп жіберсе қиындық туындайды. Токсыз газде, суда жоқ болып қалуы мүмкін. Алдағы облыстық мәслихат сессиясында  мұны бекітіп, келесі жылы бастап кетуге жұмыстанамыз.  60-70 млрд. теңге тек осы екеуіне кететін болып тұр.

Жол туралы айтқанда теміржолды ескерусіз қалдырмаймыз. Облыс бойынша барлық вокзалдарды қайта жаңғыртудан өткіземіз. Ескілері бұзылып, қайтадан салынады. Келесі жылы бұл жұмысты түгел бітіреміз. Президентіміз Жолдауда «Заң мен тәртіп» қағидасын ұсынды. Аудандық полиция бөлімі жаңартылып, оперативті басқару орталығы құрылады. Құрманғазы ауданы бойынша барлық бейнекамераларды жаңартамыз. Заңға қайшы жолаушы тасымалына полиция жол бермеуі тиіс. Қазір жол апаты көбейіп кетті. Кей жерлерде 7-8 адамнан өліп жатыр. Біз орташа жылдамдықты бақылайтын камералар да орнатамыз.

Мектептер бойынша айтарым Құрманғазы, Ақкөл ауылында салынып жатқан 2 «Келешек мектебі» 90% дайын. Жыл соңына дейін екеуінде тапсырамыз. Аудан көлеміндегі мектептер жөнделіп, «Келешек мектептерімен» бірдей болады, оған қаражат бөлінді, – деген Серік Жамбылұлы Азғыр өңіріндегі  денсаулық сақтау мекемелері 4-5 айда салынып аяқталғанымен, теңгерімге алатын құжаттары тағы 3-4 ай бойы бітпейтінін сынға алып, жауапты тұлғаларға арқаны кеңге салмай тез арада бітіруді тапсырғанын, ауылға жұмысқа келген дәрігерге 8 миллионға дейін қаржылай қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Асан, Ғ.Алипов ауылдарында мәдениет үйлері біте келгенін, алдыңғысында үш округке ортақ денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарда барын, әлеуметтік саланың көптеген мәселелері шешілгенін алға тартты. Болашақта барлық округте де спорт кешендері бой көтеретінін, оған дейін спорт алаңдарымен қамтылатынын айтты.

Қоянды су құбырын «Атырау су арнасы» ЖШС теңгеріміне беру туралы айта келе облыс әкімі Серік Жамбылұлы: – Мені алаңдатып отырғаны тұрғындар түгел ауыз су жүйесіне қосылмаса болашақта бәрі істен шығады. Ертең ақша құямыз, ол құмға сіңгендей қайырын бермей жоғалады. Құбыр керек емес, құдыққа көлікпен құйдыртамыз десеңіздер оған бөлінетін қаржыны басқа нысандарды мысалы, мәдениет үйін, спорт кешенін салуға жұмсайық. Суды пайдаланып отырғандарыңыз «Атырау су арнасынада» тиімді. Егер су дұрыс айналмаса құбыр қыста қатып қалады. Қазір тұрғындардың 30%-ы ғана қосылған. Айта кетейік құбырдан су алмасаңыздар, алға қарай су таситын көліктер тарифті көтеріп мәселе туындайтыны анық. Әрбір адам суды үйіне өзі кіргізіп алады, тек аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана көмек көрсетіледі. Қыста қатып қалмауы үшін су құбыры көктемге дейін айырып тасталады, – деп электр жарығын тарту, жол мәселесі жөнінде азғырлықтармен ақылдасқысы келіп отырғанын каперге берді, дәрігермен қамту, полигонға, полициямен айыппұл салу және басқа да туындаған сұрақтарға жауап қайтарды. Бірқатарына қатысып  отырған аудан әкімі Абат Жанғалиев, облыстық басқарма басшылары түсінік берді.

Азғыр өңірінің тұрғындары электр жарығынан көрші елге тәуелділікті жою үшін өзімізден тартылуын қолдады. Жол салу жұмыстарын мердігерлер бастағанға дейін негізгі жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет деген ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы қатысушылардың тілегін ескеріп құрылыс жұмыстарына азғырлықтарды да алуды тапсырды. Кездесу соңында облыс әкімі Серік Шапкенов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT