Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ауданымызға іссапарын Қиғаш ауылындағы «Қиғаш» желілік өндірістік диспетчерлік стансасының жұмысымен танысудан бастады.
«Магистральдық су ағызғысы» ЖШС-не қарасты «Қиғаш» бас су сорғы стансасы «Астрахань-Маңғышылақ» су құбыры арқылы Атырау, Маңғыстау өңірлерін ауыз сумен қамтып отыр. «Қиғаш» бас су сорғы стансасының басшысы Хамит Қабылов сумен қамту жұмысымен таныстырды. Кеңес үкіметі кезінде салынған мекеменің су құбырларымен түрлі қондырғылары ескірген. Қазіргі уақытта күрделі жөндеуді қажет етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген халықпен кездесулердің жаңа форматына сәйкес аймақ басшысы бұдан кейін Байда ауылдық округінде болып, тұрғындармен жүздесті. Серік Жамбылұлы биылғы Жолдаудағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды тілге тиек етіп, алда өтетін республикалық референдумның мән-маңызына тоқталып, азаматтарды белсенділік танытуға шақырды. Кездесу барысында облыс әкімі Серік Шәпкенов ауданымыздың негізгі проблемалық мәселелеріне, оның ішінде «Атырау-Астрахань» тас жолы, ауылішілік тас жолы құрылыс жұмыстарының, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің жайына тоқталды. Байдалықтар үшін де көптен күткен ауылдық клуб салу мәселесі биылғы жылы басталатынын жеткізді.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов, ардагер-ұстаз Еламан Ертаев байдалықтар ауыз суға зәру екендігін, ауылға су тарту құрылысының жұмысы тоқтап тұрғанын жеткізіп, шекарадағы ауылдың басты проблемасын қаперге берді. 420-ның үстінде оқушы білім алып жатқан мектеп алдағы уақытта үш ауысымдық орынға айналуы әбден мүмкін екендігін, оның алдын алу үшін жаңа мектеп салу қажет етілетінін тілге тиек етіп, Қиғаш бойындағы ауылдық округтер үшін осы жерден өрт сөндіру бекеті салынса деген тұрғындардың ортақ өтініштерімен бөлісті. Дыңғызыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ислям Бақтыгереев жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін спорт кешені салынса деген тілегін жеткізсе, ауыл тұрғыны Мақсот Айтбаев мал азығының бағасы жылдан-жылға қымбаттап жатқанына ренішін білдірді. Шаруагер Ғаділбек Досқалиев арналарды суландыру мәселесін көтерді. Тұрғындардың толғандырған сұрақтарына облыс әкімі Серік Жамбылұлы, түрлі саланың басқарма басшылары өздерінің толыққанды жауаптарын берді.
Жиын біткен соң, аймақ басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қазір С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Құрманғазы ауылының тұрғындарымен кездесу жиынын өткізуде.