Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Құрманғазы ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуді аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева жүргізді.
Аймақ басшысы өз сөзінде биылғы жыл өр суының көп келуіне байланысты қиындықтар туындағанына, сол сәттерде Қазақстан халқының бекем бірлігінің, берекелі тірлігінің арқасында, табиғи апатты бірнеше облыстың техникаларын жұмылдыру, ел белсенділері мен жанашырларының көмегімен жеңу мүмкін болғанына тоқталып өтті. Сол себепті қалыптасқан дәстүрге сай биылғы жылдың басында кездесіп, шешімдер қабылдауға мүмкіндік тумағанына қынжылыс білдірді. Қазір өр суынан келген зиянды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын тілге тиек етті. Жасалып жатқан және алда атқарылатын жұмыстарды қысқаша баяндады.
Төрт сағаттан аса уақытқа созылған кездесуде қатысушылар өздерін толғантқан мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыс басшысы Серік Шапкенов бәрінде мұқият тыңдап, кейбір сұрақтарға қосшы болып ілескен басқарма, бөлім, мекеме басшыларын тұрғызып, жауап қайтартты. Екі мүгедек бала тәрбиелеп отырған самаркиндік ана Гүлмайра Ахметова облыс орталығына мүгедектік құжатын алуға барғанда ондағылардың дөрекілік танытқанын, емге қолданатын дәрінің тым қымбат екенін, ауданда дәрігерлер жетіспейтінін айтты. Аймақ басшысы мүгедек адамды шеттетуге ешкімнің құқы жоқ екендігін, қазір тапшы мұғалім, ветеринар, дәрігерлерді облыс әкімінің грантымен оқытып жатқанын, мемлекеттен берілетін тегін дәрілермен қатар, облыстық мәслихаттың шешімімен кейбір дәрі-дәрмектердің тізімін жасап, ақысыз босатып отырғандарын, аталған қымбат дәріні оған қосу мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді. Ауру адамдарды облыс орталығына сабылтпай, қажетті дәрігерді ауданға бірнеше күнге іссапармен жіберіп тұру керек деген ұсынысы қатысушылардан қолдау тапты. «Құрманғазы СДО» АӨК басшысы Бержан Кенжебаев Азғыр жолының Таңат құдығына дейінгі бөлігімен қатынау қиындағанын, Балқұдық жеңілдетілген шекара заставасы арқылы жеңіл көліктер қатынасын Ресеймен келісіп шешу қажеттігін, ұялы телефон байланысы нашарлап кеткенін, Нұржаудан Кобяков елді мекеніне дейін арналарды қазбаса сусыз қалу қаупі туындап отырғанын қаперге берді. Облыс әкімі Серік Шәпкенов жақында Астрахань облысы губернаторымен кездескенде көлік қатынасы мәселесін көтеретінін, алдағы күндерде Азғыр өңіріне іссапармен баратынын жеткізді.
Басқа да қатысушылар арналарды тереңдеткенде жағаға үйілген топырақтарды жазса, ауыл жайылымсыз қалатынын, ұзын сабақты мал азығын субсидиялау, балабақшаға баратын баланы вакцина алмаса қабылдамайтынын, жол құрылысының сапасы нашарлығын, кибер-шерифпен шектелетін жылдамдықты 90 шақырымға көтеру, бұралқы иттерді жою, ойын алаңдары қоршаусыз, жарықсыз салынатыны және басқа да өзекті мәселелерді алға тартты. Кейбір сұрақтарға қатысып отырған аудан әкімі Абат Жанғалиев, облыстық басқармалар, электр энергиясымен қамту, түп-тереңдету және құрылыспен айналысып жатқан мекемелердің басшылары мен өкілдері, жауап қайтарды. Облыс әкімі Серік Жамбылұлы қасына ерген жауапты лауазым иелері мен мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Алдағы күндерде орынбасары Қайрат Нұртаевты ауданымызға іссапармен жіберетінін, ол туындап отырған мәселелермен терең танысатынын айтты. Сөйлеушілер тарапынан аудан әкімі Абат Сайфоллаұлының жұмысына ризашылық білдірілді.
– Биылғы өр суының көп келгені біраз нәрсеге көзімізді ашты. Бұрынғы ММС сияқты мекеме құруды талай көтеріп жүрсек те, мән бермеген министрліктердің оның қажет екенін енді түсінді. Алға қарай арналарды тереңдетумен енді облыс орталығынан құрылып жатқан «Табиғат» мекемесі айналысады. Оған қажетті техникаларды аламыз. Тағы бір айта кетер жайт бұрын су жүретін жерлерді де жеке меншікке беріп тастаған. Олар оны бітеп, қоршап қойған. Соның салдарынан кейбір елді мекендерді су басты. Қарсылық білдіргеніне қарамай біреудің үйінің үстінен, ауласынан өттік. Себебі, біз үшін бір адамның су жүретін жолды жауып тұрған үйі немесе ауласы емес, қаланы суға жібермеу маңызды болды. Өмір бізге сабақ берді, оны болашақта ескеруіміз қажет. Менде, әріптестерім де қашанда ашықпыз. Жұмыс бар, кемшілікте жоқ емес. Қазақ: «Ауруын жасырған өледі», дейді, өзімнің әріптестерімнен тек шындықты айтуды талап етіп келемін. Себебі, бір мәселені жасырып қалса, ертең оны шешу қиынға түседі, – деп жасалып жатқан жұмыстарды ауыл тұрғындары, белсенділер де бақылауда ұстаса артықтық етпейтінін қаперге берді. Кездесу соңында тұрғындарды қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Қанат ҒҰМАРОВ