Қоқыс полигоны ретке келтірілуде

(0 Votes)

 Жақында аудан әкімі Қайрат Нұртаев орынбасарларымен бірге жиі айтылып жүрген, РТС ауылының жанында орналасқан қоқыс полигонында болып, жағдайымен танысып, тазалығын қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қажетті қолдау көрсететінін жеткізген.

Біз барғанда мұнда бір түйгіш трактор (бульдозер) жұмыс жасап жатыр екен. Ол полигон ішіне қалай болса солай төгілген қоқыстарды бір жақ шетіне түюде. Себебі не әрі, не бері емес дәл ортаға төгіп кеткен.

Полигон ішінде бос жатқан жерлер көп. Есесіне оған дейінгі жолдың бойы төгілген қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Ұзыннан шұбақ шашылған. Жан-жағында шеңбер жасап 400-500 метр жерге дейін созылып, қоқыған. Үйінділер таутекедей болып жағалай шошайып тұр. Шашылған қоқыс осылай шұбатылып ауыл шетіндегі қорымға дейін барады. Сасыған иіс мұрынды жарады. Қоқыс полигонының, оның арғы жағындағы лас су төгетін жердің ешқандай қоршауы жоқ. Лас қалдықтарды сиырлар жеп жатыр.

img_1714

img_1710

Жалпы полигонның соңғы бірнеше айға дейін қараусыз қалғаны бірден көзге ұрады. Бақылау болмаған соң қоқитыны бесенеден белгілі. Жұмыс жасап жатқан түйгіш трактордың жүргізушісі Әділбек Нәжімовті сөзге тартқанымызда:

– «Қазақавтодор» мекемесінде жұмыс жасаймын. Осыдан бір-екі күн бұрын аудан әкімі орынбасарларымен, округ әкімімен полигонға келіп қарап кетіпті. Көмек сұраған соң сенбі-жексенбі күні келіп қатты қалдықтарды түюге кірісіп жатырмын. Сыртта көрдіңіз ғой, қанша қоқыс барын. Ішті реттеген соң бәрін көлікпен осында кіргізіп жоймақ. Мынандай етіп полигонның дәл ортасына төккен соң қалған көліктер ішке кірсек тегешігімізді жарып аламыз деп қорқып сыртқа тастайды ғой. Негізі мұның басына бір адам қоймаса болмайды, - деді. Айтуы орынды.

Аудан көлемінде ондаған тойханалар, сауда орындары, мекемелер бар. Олардың бәрінен шыққан қоқыс осында жетеді. Естуімізше күніне онның үстінде көлік келсе, соның тең жартысынан астамы «Камаздар» көрінеді. Аталған орындардың иелері ақшасын төлеп тиеп жіберген соң жүргізушінің қайда төксе де еркі. Полигонға кірмей жанына лақтыра салады. Оны ұстап алып айыппұл салып жатқан ешкім жоқ. Қалаларда барлық қоқысты арнаулы автобазалар шығарады. Аудан көлемінде де қоқысты алумен экологияны қорғайтын орындардан арнайы рұқсаты бар жеке кәсіпкер айналысуы тиіс. Елді мекендегі барлық нысандар онымен келісімшарт жасасын. Сонымен қатар полигон ішіне келген көлікке қоқысты қайда тастайтынын көрсететін адамдар қажет.

Байдада осы жұмысты округ әкімі Жүсіп Төреғалиев тап-тұянақтай етіп ұйымдастырып отыр ғой. Біз де солай етпесек, жағдай түзелмейді. Алдымен полигонды қоршап, басына күні-түні полиция нарядын қойып маңайына қоқыс тастаушыларды ұстап, айыппұл салған жөн. Сөйтсек, бұлай қоқымайды.

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса: – Тазалық жөнінде әлі тендер өтпегенімен кәсіпкерлерден қаржылай көмек сұрап техника жалдап, қоғамдық ақылы қызметтің адамдарын салып, өз күшімізбен полигонды ретке келтіру жұмыстарымен айналысудамыз. Атымызға сын айтылғанымен бұл бір сәтте біте қалатын нәрсе емес. Нәтижесі ертең аяқталғанда көрінеді. Наурыз айында бастадық. Оған дейін бұл қоқыс бір шақырымға дейін созылып жатты. Полигонға баратын жол жоқ еді. Соны жинақтап өзіңіз көргендей төбе-төбе етіп қойдық. Енді полигонның ішін ретке келтіргеннен кейін бәрін сонда тасимыз. Жақында аудан әкімі Қайрат Талапұлы осында болып, қажетті қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді. Қоршауын жасауға көмектесуге уәдесін берді. Жаңбырға, желге қарамастан жұмыс жасаған ақылы қызметтің 34 адамына өз атымнан ризашылығымды білдіремін, -деді бізбен әңгімесінде.

Жалпы тазалық тек аудан, округ әкіміне ғана керек пе? Оған сол жердің тұрғындары да оған атсалысса дейміз. Күнде сол жермен жүретіндіктен кім қоқыс төгіп жатқанын олар көреді ғой. Фотоға түсіріп құзырлы органдарға жіберсе тиісті шарасын алар еді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT