Пандемия кезінде денсаулықтың қадірін жете түсінгендей болдық. Бетпердемізді тағып, бостан-бос сенделіп жүруді де азайттық. Белең алған індеттің беті қайтып, науқастар саны едәуір азайғанын естіп, бойымызды ерекше қуаныш билеуде. Тәжітажалға тосқауыл қоюды тазалық сақтаудан бастау керегі санамызға әбден сіңді десек те, айналамызды айнадай етіп ұстау мәселесі әлі күнге дейін ақсап жатқаны рас.
Қанша жерден үйіңізді қағып-сілкіп, төсек-көрпеңіздің қырын шығарып жинай беріңіз, ішті желдету үшін терезені ашқан сәтте ауаның «адалдығы» болмаса, ісіңіздің әлбетте, зая кеткені. Себебі аурудың бәрі ауадан тарайды. Үйіңіздің маңайы кір-қоқысқа батып жатса, «берекелі тұрмыс кешіп жатырмыз» деуіңіздің өзі – жүзімізді төмен қарататындай жағдай. Тазалық бар жерге ғана ырыс-береке тұрақтамақ.
Құрманғазы ауылдық округінің тазалығы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы, жеке кәсіпкер Еркеғали Таяшев ағымдағы жылдың шілде айында газетімізге берген сұхбатында: «- Тұрмыстық қалдық қоқысты алу және орналастырумен он жеті жылдан бері айналысып келемін. Құрманғазы ауылына қарасты мөлтек аудандардан күніне кем дегенде 8 тонна күл қоқыс тасымалдаймыз, кей күндері 15 тоннаға дейін барып қалады. Ауылдық округ әкімдігімен келісілген кесте бойынша Рембаза, кіші Ганюшкин, Кресті, Құрлысшылар поселкесі және үлкен Ганюшкиндегі көп қабатты үйлер маңына қойылған контейнерлер аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері міндетті түрде алынады. Аудан орталығы, Бұзауслан, Жапырық, Самаркин, РТС және ескі Әуежай ауылдары аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері тазаланады. Жұмысшыларымыз алынған қоқысты тиеп қана қоймай, аталған мөлтек аудандардағы көше және жаға бойларын да жинастырып отырады. Дейтұрғанмен, бір күн демалғанның өзінде кей жерлерде толып қалатыны болады. Кей тұрғындар үй-жайларын жөндегенде шығарылған ағаш, қамыс тақтасы сияқты т.б қалдықтарды қоқыс полигонына апарып тастаудың орнына жақын маңдағы контейнерге әкеліп төгеді. Целлофан, қағаз пакет, басқа да жеңіл, ұшатын қалдықтарды буып-түйіп үлкен пакеттерге жинақтап салса, контейнерлерді үлкен көлемді қоқыстармен жылдам толтырып тастамаса, үлгеріп отыруға әбден болады»,-деп өз ойын білдірген еді.
Ағамыздың сөзін Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы А.Нұрмұханов та қостайды. Мәліметінше, көптен шешімін таппай келген РТС ауылындағы қоқыс алаңын қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бөлінген қаржы да толық игерілуде. Жалпы контейнерлер тек қана тұрмыстық қатты қалдықтар салуға арналған. Өкінішке орай, тұрғындардың көпшілігі оны ескермей, құрылыс материалдарының жарамсызын өз алдына, сойылған малдың ішкі құрылыстарын да алаңның сыртына еш қиналыссыз аудара салады.
Шынында да, қоқысты контейнердің ішінен емес, соның жанында өріп жүрген ит-құстың аузынан жиі көреміз. Өз басым түстенуге үлкен Ганюшкиндегі көп қабатты үйде тұратын туыс апамның үйіне барғанда, қоқыс контейнерлері тұсынан дұрыс аяқ алып жүре алмаймын. Арнайы қоқыс пакетіне салынуы қажет заттар жеке-жеке шашылып, желмен ұшып, «қаңбақша» көшіп жүр. Тіпті тамақ қалдықтары да ашық-тесік ақтарылып жатыр. Сасыған иіс қолқаны тесіп өтердей. Жерде жатқан әр қоқысты тінтіп жүрген сиыр мен ит-мысықтан көз сүрінеді. Қарға адым бойда тұрған контердің ішіне салудың өзіне ерініп, қоқысты көрінген жерге лақтыра салатын тұрғындарды талай байқадым. «Қоқысты үйден алып шыққан екенсіз, тиіп тұрған контейнердің ішіне бірден неге салмайсыз?» деп сұрасам, «Мені ғана көре қалдың ба? Бәрі де сүйтеді ғой»,-деп өзімнің бетімнен алған тұстары да болды.
«Әлемді өзгерткің келсе, – өзгерісті өзіңнен баста»,–депті ғой үнді көсемі Махатма Ганди. Барлық қара күйеңді қоғамға жағудың қажеті жоқ. «Көп түкірсе – көл» деп халқымыз тегін айтпаса керек. Адамның ішкі сұлулығы, рухани байлығы қоршаған ортаға деген көзқарасынан, құрметінен қалыптаспақ. «Жақыныңа жанашыр бол!» деп жан ұшырамыз, ендеше, өзімізбен қоса жақындарымыз таза ауамен еркін тыныстап, кең даланың төсінде абдырамай алшаң басуы үшін тазалыққа салғырттық танытпайық, ағайын!
Еркеназ Қалижан