Құрманғазы аудандық мәслихатының ІІ сессиясында мәслихат депутаты Бержан Кенжебаев қоқыс алаңдарын заңдастырып беру мәселесін көтерді.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиевтің айтуынша Құрманғазы, Байда, Азғыр ауылдық округтері қоқыс алаңының жобасы жасалуда, қалғандары талапқа сай келмейді. Қазір 19 округтегі 22 қоқыс алаңы округтердің теңгерімінде тұр, алайда құжаттары жоқ. Бәрінің де жерге орналастыру жобасын жасап, мемлекеттік актісін алу керек. Мұны округ әкімдерінің өздері атқаруы тиіс. Бұл жердегі күрделі мәселе енді бұрынғыдай үш жыл сайын облыс әкімінің шешімі шықпайды. Құжаттар да қоқыс алаңы деп емес, басқа бағытта жасалуы тиіс. Сол себепті екі округтің ортасында бір қоқыс алаңы салынса, соған да шүкіршілік етуге тура келетіндей. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы мәселені бұлай қалдырмай, тиісті заңдылықтарға сай шешу жолдары жайлы ақпарат жинап, оны тұрақты комиссиясы арқылы жоғары жақтарға жолдауды ұсынды. Аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Құсайынов қосымша хабарлама жасады.
Қанат ҒҰМАРОВ