Еңбекші ауылдық кітапхана мен клуб бірлескен түрде өлке қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау бағытында әсерлі әңгімелерімен, лирикалық жырларымен оқырманының жүрегіне жол тапқан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Серпер» газетінің бірінші санатты тілшісі Ғұмаров Қанат Зарлыханұлымен «Қиялға қалам ұрған қаламгер» кездесу кеші өтті.
Шара шымылдығы Еңбекші ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Уаһап Қадірбектің қош келдіңіз тілегімен ашылды. Бұдан соң кеш қонағы өмір жолын баяндайтын бейнебаян көрсетілді. Қошалақ ауылдық кітапханасының кітапханашсы Есмұхан Жанизин автордың «Аққулар жұбын жазбайды», «Тікен арасындағы гүл», «Қоңыр түйме» туындылары, баспасөз бетінде жарияланған материалдары қойылған кітап көрмесімен таныстырып, кеш қонағына арнаған өлеңін оқыды.
Қаламды серік еткен әріптестері атынан рухани ұстазы Таңатар Дәрелов, жас ақын Ақтілек Абайқызы, қоғамдық жұмыстардағы серіктесі аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Ақтілек Хамитова сөз алып, Қанат Зарлыханұлының адами, имани қасиеттермен суарылған азаматтық келбеті, болмыс бітімі жайында әсерлі әңгімеледі.
Әсерлі өткен шарада Қ.Ғұмаровтың шығармашылығына да кезек беріліп, Еңбекші орта мектебінің оқушылары Қуанышбек Исағалиев, Ақерке Нәдірқожақызы, Ботагөз Серікова, Әлижан Мұстажап өлеңдерін оқыса, әншілер Мейрамбек Мәмбетов, Жандос Нұреденов оның сөзіне жазылған сазгер Талапқали Зайнуллиннің «Құрманғазы – құт мекенім», «Қазақ қызы» әндерін тамылжыта орындады.
Шығармашылық бағыттағы еңбегін елеп, өлке қаламгері ретінде құрмет көрсетіп жатқан еңбекшіліктерге ризашылығын білдірген Қанат Зарлыханұлы өлеңдерін жатқа оқыған жас буынға өз қолтаңбасын қойып кітаптарын сыйға тартты.
Әріптесімізге қатысты тағы бір жағымды жаңалық, тап сол күні Қызылорда қаласында өткен «Заң» медиа корпорациясы ұйымдастырған жазушы К.Тоқаев атындағы детектив шығармаларының дәстүрлі V байқауында «Қателесуге тыйым салынады» әңгімесі ынталандыру сыйлығына ие болғаны туралы ақжолтай хабар жетті. Детектив жанрында жазатын жүзден аса қаламгер қатысқан бәйгеде Қанаттың бұл топ жарған әңгімесі осы байқауға орай шығарылған «Шытырман» детективтер жинағынан ойып тұрып орын алды.
Айбек НӘЖІМОВ