«Өренді өлкетанушылар» клубының кезекті отырысы өтті

(0 Votes)

«Өренді өлкетанушылар» клубының кезекті отырысы аудандағы ел Тәуелсіздігімен бірге қанат жайған шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен өтті.

Басқосуды кіріспе сөзімен ашқан клубтың жетекшісі, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы кәсіпкерлік саланың ауданның, жалпы елдің экономикасында алар орнына тоқталды.

- Қазақ елі өзін азат, дербес мемлекет ретінде жариялаған тұста басым бағыт ретінде бірінші кезекте кәсіпкерлерлікті дамытуды қолға алды. Күрделі кезеңнің қиын¬дық¬тарына қарамастан бұл салаға ерекше көңіл бөлінді. Кәсіп қылып, нәсіп табам дегендерге еркіндік берілді. Соған сай ала дорба арқалаған қаншама ауылдасымыз күнкөріс қамымен алыс-жақын шетелдерге шығып, тауар тасып, сауда-саттықпен айналысып кет¬кені есімізде. Қалай дегенмен де мұның өзі елдегі шағын кәсіпкерлікті ынталандырудың бір қадамы болды. Өйткені жұртшылық мемлекетке алақан жайып отыруға болмайтынын ұғынып, өз-өздерін асырауға көшті. Сөйтіп ақша табудың жолын игеріп, коммерцияның қыр-сырына қанықты. Кейіннен тауар өндіруді үйреніп, өздеріне ғана емес, өзгелерге де, мемлекетке де пайдасын тигізетін мықты салаға айналды. Сондықтан да кәсіпкерлікпен айналысатындардың да еселі еңбегі аудан тарихынан айшықты орын алуы тиіс, - деп алдағы уақытта шығатын «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» кітабының келесі жинағына шағын және орта бизнес өкілдері туралы мәліметтер топтастырлатынын жеткізді.

Сонымен бірге, кітапқа енгендердің қазіргі кең қолданыстағы QR код арқылы түрлі-түсті суретті, бейнелі мәліметтері болатынын қаперге берді. Келесі кезекте мобилограф маман Дамир Тілеуғалиев QR кодтың көмегімен ұялы телефон арқылы кәсіпкерлік жайлы толықтай мәліметтер алуға, өндіретін тауарын, сататын дүниесін, көрсететін қызметін жарнамалауға болатынын айтып түсіндірді. Жеке кәсіпкер Мирғали Габдушев бұл ұсынысқа қызығушылығын білдіріп, әріптестерін елдік істен шет қалмауға шақырды.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT