Өнер мектебі есептік концертін берді

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудандық Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің «Өнер – өмір өрнегі» атты жылдық есеп беру концерті өтті.

 Шара шымылдығы облыстық, республикалық байқау сайыстарының лауреаты «Балдәурен» ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы «Телқоңыр» халық күйімен ашылды.

Аталмыш мектеп директоры Милана Боханова жылдық жұмысы бойынша хабарлама жасап, жеткен жетістіктерге тоқтала келе:

- Ағымдағы оқу жылы өнер мектебінде 300 оқушы 6 мамандық бойынша білім алды. 100-ден астам дарынды оқушыларымыз облыс, республика, халықаралық деңгейде өткен байқаулардың жеңімпазы болды. Мектеп қабырғасында табандылықпен білім алып, мемлекеттік емтихандарын талапқа сай тапсырып, өнер мектебін бітіру туралы куәліктерін алғалы тұрған 22 түлегіміз бар. Оқушыларды әртүрлі деңгейде өткен байқауларға дайындаған педагогтарымыз А.Нұрлыбаева, Б.Сұлтанмұратов, Г.Сидағалиева, Н.Мусина, А.Хамзина, А.Қабдолова, Г.Ниеталиева, А.Жахина, Б.Оразова, Е.Сағындықов, Ж.Мұхаммединова, Б.Ислямова, М.Бекешова, А.Жасқайратованың еңбектері атап өтуге лайық,-дей келе, мектеп бітіруші түлектерге аттестаттарын, белсенді ата-аналарға Алғыс хат табыстады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева:

- Ұлттың қазынасы, мұрасы -өнерді насихаттап жүрген М.Боханова бастаған өнер мектебі ұжымына толағай табыстар, кәсіби өрлеу тілеймін. Құрметті ата-аналар! Бүгінгі күні балаларыңыз аудан сахнасында өнер көрсетіп, жұлдыз болып жарқыраса, алдағы уақытта жоғары сахналардан, биік белестерден көрініп, үміттеріңізді ақтасын. Баршамызға мәлім, өнер мектебінің материалдық-техникалық базасы қолдауды қажет етеді. Осы мәселені шешу үшін жыл сайын бюджеттік өтінім беріп келеміз. Биылғы жылы «Самұрық-Қазына» холдингіне жолдаған ұсынысымыз қабылданды. Жаңа оқу жылын жаңартылған құралдармен бастаймыз деген сеніміміз бар,-деді.

Ата-аналар атынан сөз алған Қайрат Ғапуұлы мен Майра Рахметоллақызы ұстаздар қауымына зор ризашылығын білдірді. Есепті концерт барысында мектеп оқушылары баян, домбыра, фортепиано, вокал, би жанрларында өнерлерін ортаға салды.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521