Өнегелі отбасылар бас қосты

(0 Votes)

Еңбекші ауылдық клубы және ауылдық кітапхананың ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай «Отбасы – шаңырақ жарастығы» атты үлгілі, өнегелі отбасыларымен кездесу кеші өтті. 

Шараға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауынан ІІІ орын иеленген, бүгінгі күні отау құрағандарына 50 жыл толып отырған Мұқар Шаяхметов, мемлекеттік қызметте ұзақ жыл жұмыс жасаған, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Зинетулла Мұхлесов, ардагер ұстаз Сәлімғали Өтеуғалиевтер отбасы қатысты. Алдымен кеш кейіпкерлерінің өмірі жайлы қысқаша бейнеролик тамашаланды. Жүргізушілер Ернар Қабиев пен Нұржанар Елдосова олардың әрқайсының өнегелі өмір жолы жайлы қысқаша тоқталып, қошеметпен дөңгелек үстелге шақырылды.

Оған қатысушыларға алғашқы еңбек жолы, қалай танысып, отау құрғандары, бір-бірінің бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайтыны, ене мен келін арасындағы тату-тәтті қарым-қатынастың құпиясы және басқа да сұрақтар қойылды. Кеш кейіпкерлері ұстаздық қызметті қалай бастағандарын, қай жерде танысқандарын еске алды. Өткен өмірлеріне қайта оралтып жатқан шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Үш отбасының өзара сыйластығына да куә болдық. Отағасылар жұбайларының, олар өз кезегінде азаматтарының қадір-қасиеті, бала тәрбиесіндегі рөлі туралы ой өрбітті. Жұбайлары бастарынан қиын жағдайлар өткенде ерлерінің жасаған қамқорлықтары, келіндерін қалай тәрбиелеп отырғаны, отбасылық өмірдің қызықты жайттары жайлы әсерлі әңгімеледі.

Дөңгелек үстел барысында өнерпаздар Заря Қуанышқызы, Раушан Сәрсенова, Руслан Нұрланұлы әсем әндер орындады. Шараны Еңбекші ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Хамзин, Еңбекші ауылдық клубының меңгерушісі Бауыржан Ғабдолов қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521