«Ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, құшағына еніп, шексіз мейіріміне бөленеді.
Құрманғазы топырағында туған аналардың ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ өміріне үлгі ету мақсатында «Ақ орамал» акциясы аясында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Өнегелі ана – ізетті қыз» атты семинар ұйымдастырылды. Шараның шымылдығын «Нұршуақ» әжелер ансамблі «Ассалаумағалейкүм» әнімен ашты. Сахна төріне Атырау облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Замзагүл Жалмурзина көтеріліп, «Ана өнегесімен саналы ұрпақ қалыптасады» атты тақырыпта баяндама жасады. – Қазақта «ақ» сөзінің мағынасы терең. Оған мәселен «ақ жаулық, ақ жиде, ананың ақ сүті, ақкөңіл, ақ жол, ақ көгершін, т.б» сөздер дәлел.
Осымен байланысты «Аққа Құдай жақ» деген сөз орамы қалыптасқан. Ақ түс халқымыз үшін жанның тазалығын, кеңдігін білдіреді. Ақ сөзімен жұптасқан сөздердің барлығы көңілімізге ерекше шуақ, бойымызға зор күш-қуат сыйлайды. Бүгінгі «Ақ орамал» акциясы аясындағы шаралар өте жоғары деңгейде өтуде. Аталмыш акция 2016 жылы Семей ядролық полигонының жабылуына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы «Аналар кеңесі» ұйымының бастамасымен қолға алынды. Мұндай акцияны ұйымдастыруға қазақ елінің тарихында ақ жаулықты ананың басындағы ақ орамалын шешіп, жауласқан екі тараптың ортасына тастауы арқылы дау-жанжалды тоқтатқаны негіз болған.
Бүгінде отбасындағы сақталар құндылықтардың маңызы қалмай бара жатқан тәрізді. Екі күннің бірінде ажырасу, болмашы дүниеге бола сөзге келіспей қалу көптеп орын алуда. Жас жұптың жарасымдылығын бұзатын қоғамда бірқатар мәселелер бар. Соның салдарынан жарық дүние есігін ашқан бейкүнә сәбилер жетімге айналып, бала құшақтаған жалғызбасты әйелдердің қатары толығуда. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, осындай келеңсіз жайттарды жиілетпеу үшін біз ұрпақ тәрбиесіне мейлінше назар аударуымыз қажет. Ал, ана - бала тәрбиесінің негізгі діңгегі. Қазақ аналары – тұтас ұлттың түп тамыры, барша ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлердің бастау алар бұлағы. Шежіреде аты қалмаса да, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын алтын көпір аналардың қазақ қоғамындағы және отбасындағы орны бөлек,-дей келе, бүгінде өнегелі бастамалардың жаршысына айналып жүрген Балғаным Хасенова бастаған аудандық аналар кеңесінің жұмысына оң бағасын білдіріп, ризашылығын айтты. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле» тақырыбында баяндама жасау үшін сөз аудандық аналар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз, «Ұлағат» аналар мен балалардың кітап клубының жетекшісі Майра Амироваға берілді.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер, «Жансая» көшбасшы аналар клубының жетекшісі Замзагүл Карсакова «Үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру үрдісінде әйелдердің зияткерлік және рухани дамуына ықпал ету» тақырыбында, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы Айгүл Мирасова «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-анамен байланыс жұмыстары» тақырыбында, аудандық аурухананың медицина психологы, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Айдана Қадырбаева «Қыз баланы тәрбиелеу үрдісінде ата-аналардың психологиялық сауаттылығын арттыру» тақырыбында баяндамасын оқыды.
Өнерпаздар Жазира Сарсенғалиева мен қызы Гүлім Дүйсенбай, Гүлзада Тілегенқызы, Раушан Сәрсенова әсерлі әндерімен көрермендердің көңіліне ерекше қуаныш сыйлады.
Еркеназ Қалижан