С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Өренді өлкетанушылар» клубының аудан мектептерінде құрылған «Өлкетану» топтарының есептік шарасы өтті.
Алдымен фойеде ұйымдастырылған жеке мұражайлар мен мектеп жанындағы музей бұрыштары экспонаттары тамашаланды. Саздыдағы әйгілі әулиелер әулетінің мирасқоры болған, халық емшісі Дәметкен Серікбайқызына қатысты жәдігерлер жиынтығы, белгілі азамат Ғалымжан Мұқашевтің үй мұражайындағы тұрмыстық раритет бұйымдар, Еңбекші, Үштаған және С.Имашев атындағы мектептердің өлкетану бұрышына қойылған құндылықтар жиналғандардың қызығушылығын тудырды.
Тамашалаушылар бұл көшпелі мұражайлардың өткен ата-баба тарихын насихаттауда, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде, тарихи сананы қалыптастыруда маңызы зор екенін айтып жатты. Есептік шараны кіріспе сөзімен ашқан модератор - «Өренді өлкетанушылар» клубының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиұлы оның мақсат-маңызына тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкенің өткен тарихын айқындауда өлкетанушылардың белсенділігін атап өтіп, шара жұмысына сәттілік тіледі.
«Өренді өлкетанушылар» клубының хатшысы, аудандық музейдің директоры Жазира Хайрошова аудан мектептерінде құрылған өлкетану топтарының атқарған жұмыстарына шолу жасады. Аудандық білі бөлімінің сектор меңгерушісі Еділ Бояров «Өлкетану отаншылдыққа тәрбиелеудің ықпалды жолы» атты баяндамасын оқыды.
Ломоносов атындағы орта мектептің 5 «б» сынып оқушысы Мәдина Ғалымжанова «Үйімнің музейі – отбасымның мақтанышы» тақырыбында дайындаған тырнақалды еңбегімен таныстырды. Үштаған мектебінің директоры Шайхымеден Қабиев алыстағы ауылдың айнасы іспетті шағын мектеп музейінің өсіп келе жатқан ұрпағымыздың туған жерінің нағыз патриоттары болып қалыптасуына үлкен септігі барын жеткізді. С.Мұқанов атындағы орта мектептің директоры Күнсұлу Сүйінова пікірін білдіріп, мектепте тарих пәнінің мұғалімі Гүлдерім Бақытжанқызының жетекшілігімен «Ізгілік» өлкетану тобы нәтижелі жұмыс жасап отырғанын, болашақта арнайы бұрыш ашу ойда барын айтып өтті.
Шараның екінші бөлімінде туған жер тарихын зерттеуге негізделген ғибратты істе белсенділік танытып жүргендерге облыс, аудан әкімдерінің, аудандық білім бөлімінің, аудандық музейдің Алғыс хаттары, «Өренді өлкетанушылар» клубының куәлігі мен төсбелгілері, Құрмет грамоталары табысталды.
Айбек НӘЖІМОВ