Ғилаж Шайхимов 1924 жылдың 5-ші мамырында Дыңғызыл ауылында дүниеге келген.
Аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң кеңшардың құрылысына араласады. Ұлы Отан соғысы басталып, оқуын әрі қарай жалғастыра алмай, мал бағу, пішен шабу, құдық қазу сияқты әртүрлі жұмыстар жасаған. 1942 жылдың ақпан айында әскер қатарына шақырылады. Гурьевтегі жаяу әскер училищесінде оқып, артынан Ақтөбе облысының Темір елді мекеніндегі кіші командирлер дайындайтын қысқа курсты тәмамдайды. 1942 жылдың маусымында атқыштар ротасының старшинасы шенінде жорық жолы Сталинград түбінде басталады. Сталинградты қорғаудағы ерлігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталады. Әрі қарай ІІ Украина майданының 111 Александров атындағы гвардиялық дивизия құрамындағы 399 атқыштар полкі жаяу әскерлерінің автоматшылар ротасында, одан әрі инженерлік полкте мина іздеуші-сапер болады. Украинаны, Молдавияның астанасы Кишеневті, Румынияның астанасы Бухаристі, Югославияның астанасы Белградты, Венгрия мен Чехословакияны жаудан тазартуға қатысты.
Жорық жолдарына тоқталсақ Белгород қаласы маңын барлап, минадан тазартып және шабуылдаушы әскерлерге қолайлы жол ашқаны үшін «Ерлігі үшін» медальімен марапатталады. Войновка деревнясын алуға үлкен үлес қосты. Деревня Ингулец өзенінің арғы бетінде орналасқандықтан мұз қатты дегенмен де ол ауыр соғыс техникаларын көтере алмайтын. Әскер өтетін тайыз өткел табу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету Ғ.Шайхимов бастаған саперлер взводына жүктелді. Олар арғы беттен қардай бораған автоматшылар оғына қарамастан, өлім аузында жүріп сал көпір тұрғызып, шабуылдың сәтті аяқталуына мүмкіндік жасады. Осы ерлігі үшін полк командирі майор Г.Казарчоктың ұсынуымен 1944 жылдың 1 қаңтарында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Алайда осы орденді көре алмай кетті. Балаларының іздеуімен 73 жылдан кейін ғана табылды. Бұл орденнен кейін ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Германияны азат етудегі ерлігі үшін» және басқа да медальдарды иеленді. Жауға қарсы соғыса жүріп 1943 жылы партия қатарына өтіп, майданнан 1947 жылы ІІ топтағы мүгедек болып оралды.
Әкеміздің денесінің әр жерінде оқтың пытыралары барын көргенбіз. Днепр өзенінен өткендегі қиындықтарды, оқ тиіп батып бара жатырған жауынгерлерді судан алып шыққанын еске алып отыратын. Денесіндегі оқ орындарының зардабы басына шауып, сырқаттанып қала беретін. Елге келгеннен кейін Құрманғазы ауданының «Ворошилов», «Правда» ұжымшарларында, «Киров», «Құрманғазы» кеңшарларында қойма меңгерушісі, есепші, ферма парторгі, меңгерушісі сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Жоғары және орта білімдері бар 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. 1996 жылы 9 мамырда өмірден озды.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесінде әкеміз Ғилаж Шайхимовты сағынышпен еске аламыз. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз үшін от кешкен барша батырлардың алдында қарыздармыз. Елі барда олардың аты өшпейді.
Алтынай Шайхимова,
майдангердің қызы