«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында саяси кеңес отырысы өтті.
Оған аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев төрағалық етті. Сонымен бірге, саяси кеңестің мүшелері, партиялық бақылау комиссиясының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, ауылдық округ әкімдері қатысты. Кеңес төрағасы Ө.Есенғазиев күн тәртібімен таныстырып, Қазақстан Республикасы Президентігіне кандидат Қ.К. Тоқаевтың аудандық қоғамдық штабының атқарған жұмысы туралы баяндауды штаб төрағасының орынбасары Мирғали Ғабдушевке ұсынды.
-Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына байланысты «Нұр Отан» партиясы атынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын халыққа тарату, түсіндіру, кандидатты қолдауға арналған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін республикалық, облыстық, аудандық штабтар құрылды.
Құрманғазы ауданы бойынша 22 адамнан тұратын, ауданның бөлім, мекеме басшылары, партия мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлер, ауыл белсенділері, жастар ұйымынан тартылған қоғамдық штаб 1 ай бойы үлкен жұмыстар атқарды.
Президенттікке кандидат Касым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен елдің хал-ахуалын, шешілмей жатқан мәселелерін, әлеуметтік жағдайын білу және сол негізде болашақ еліміздің жоспарын жасау үшін «Бірге» атты жалпыхалықтық акциясын өткізіп, өңір тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Нәтижесінде 2600-дей ұсыныс-тілек қабылданып, арнаулы сайтқа салынды.
Аудандық штаб мүшелері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында орталық аппараттың бекіткен желілік кестесі бойынша еңбек ұжымдары, аудан кәсіпкерлері, балықшылары, ауыл шаруашылығы саласы кызметкерлерімен 16 кездесу өткізді.
Аудан жастары, еріктілер жасақтарымен бірігіп, «Есіктен-есікке» акциясын ұйымдастырып, кандидаттың үгіттеу материалдарын таратты. Саяси науқанға сайлаушылардың 86% -ы келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 74% дауысқа ие болды. Аудан бойынша жүргізілген сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары облыстық қоғамдық штаб атынан оң бағаланды, - дей келе, М.Ғабдушев Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтахтың тарапынан қойылған сұраққа жауап берді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша филиал төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мемлекет үшін қашанда басты бағыт болып қала беретінін Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткенін айтып өтіп, осыған орай жергілікті билік алдына бірқатар тапсырма жүктеп, халық алдындағы уәделерін бұлжытпай орындауға міндетті екендеріне ескерту жасағанын алға тартты. Мемлекет басшысы белгілеп берген 10 бағытты саралап, ауданымызда алдағы уақытта салынатын әлеуметтік нысандарға қанша қаржы қарастырылғанына тоқталды.
А.Шакупова