Ауданымызда ҚР Президенттігінен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабы құрылды. Оның жетекшісі «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев қоғамдық штаб өз тарапынан сайлау науқанын қолданыстағы заңнама аясында жоғары деңгейде өтуіне бар күшін салатынын қаперлеп, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды белгілеп өтті.
Құрылған қоғамдық штабтың ендігі басты міндеті – үміткердің сайлау науқанына жан-жақты әзірлік жасау, оның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жөніндегі үгіт шараларын жүргізу, сенімді өкілдер жұмысын үйлестіру. Одан әрі, штаб жетекшісі «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түсіп отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауда қолға алынатын іс-жоспарларға тоқталды. Жалпы үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары 11 мамырдан басталмақ. Отырыста Атырау облыстық қоғамдық штабтың басшысы Н.Ожаевтың қолымен бекітілген аудандық құрылымының 22 мүшесі таныстырылды. Бөлмесі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ғимаратында ашылды. Жұмысты жүргізуге барлық құрал-жабдықпен қамтылып отыр.
А.Шакупова.