«Авто-Мобиль М» ЖШС өз жұмысын қолға алып, жолаушылардың қалтасына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалуда.
Құрманғазы ауылішілік және «Алға-Жұмекен-Құрманғазы» бойында қатынайтын қоғамдық көліктер енді тұрғындарды тұрақты тасымалдайды. Алға селосы бойынша таңғы сағат 08:00-ден бастап қарама-қарсы бағыттағы көліктер орталық «Серпер» базары мен Әбу Сәрсенбаев көшесіндегі көлік тұрағынан (Дәулет дүкені) қозғалады. Жол ақысы 100 теңге болып бекітілді.
Ал, Құрманғазы ауылішілік қоғамдық көліктер «Ескі әуежай–РТС-Самаркин (Адай дүкені)–Серпер базары–аудандық емхана» және «ПМК– Үлкен кресті–Кіші Ганюшкин–Серпер базары–аудандық емхана» шеңберінде жүргізілмек. Жол ақысы 50 теңгені құрайды.
Аудан әкімі Қайрат Нұртаев жүргізушілердің алғашқы жұмыс күніне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, «мүмкіндігі шектеулі жандар тегін тасымалданса» деген, т.б ұсыныс-пікірлерін айтты. Қолданыста болатын «Газель некст» маркалы көліктер 18 отыратын, 5 тұратын орындармен жасақталған. Жолаушылардың санитарлық талаптарды сақтауы басты назарға алынады.
Еске салатын жайт, әзірге аталмыш жерлерде жүретін қоғамдық көліктер жалғыз. Бірер күннен соң қарсы бағытта шығатын екіншісі жеткізілмек. Оған қоса, көліктердің қозғалу уақыттары нақты тұрғындардың жүруіне байланысты өзгертіліп, белгіленеді.
Еркеназ Қалижан