Қоғамдық қабылдау өткізді

(0 Votes)

Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Нәутиев бастаған бір топ депутат ауданымызда болып, алдағы болатын кезекті сессияларға ақпараттар дайындау жұмыстарын жүргізді. Жаңадан пайдалануға берілген аурухана ғимаратында болып, Көптоғай, Шортанбай, Дыңғызыл ауылдық округтеріндегі көктемгі су тасқынынан қорғану бөгеттерінің жай-күйімен танысты.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Құрманғазы аудандық филиалында тұрғындарды қоғамдық қабылдауын, аудандық мәслихат депутаттарымен шағын жиын өткізді.

Онда Атырау облыстық өкпе аурулары санаториясының директоры Амантай Арстаналиев шипажайдың қаржылық мәселеде туындаған қиындықтар жайлы сөз етті. – 2018 жылы бар болғаны 50 орындық емдеу-сауықтыру мекемесі бұрынғы үш қабатты өкпе аурулары ауруханасына көшірілген болатын. Алайда көшкен ғимараттың аумағы 3,5 есе үлкен болуы коммуналдық шығындардың өсуіне әкеліп соқтырды. Үш жыл бойына бұл кездескен қиындықтар жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуі арқылы шешіліп келді.  Өткен жылғы пандемиялық жағдайларға байланысты санаторий өз мақсатында толыққанды жұмыс істей алмады, ал үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап тіптен қызметін уақытша тоқтатты. Жылдық жоспарланған бюджет 67 пайызға орындалды. Қазіргі уақытта мекемені Атырау облыстық фтизиопульмонологиясына біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметкерлердің 2020 жылғы қыркүйектен еңбекақы алмағандары бар, күні бүгін бережақ – 39060083 теңге. Сонымен бірге, салыққа, міндетті медициналық сақтандыру қорына берешектер бар. Осы жағдайды ескерте отырып, қызметкерлер алдындағы бережақты жабуға көмектесулеріңізді сұраймын, - деген шипажай басшысы қазіргі кезде қызметкерлердің 10-ы уақытша аудандық емхананың карантиндік бөлімшесінде, 11-і қызметтік қажеттіліктерге байланысты санаторийде жұмыс жасап жатса, 27-сі еңбекақысы сақталмайтын демалыста екенін айтты.

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева өткен жылы ауданда заманауи жабдықталған аурухана іске беріліп, қазіргідей коронавирустық инфекциялық күрделі жағдайды еңсеруде көп көмегі тиіп отырғанын айта келіп, мынадай мәселелерді депутаттардың назарына берді. -  Аудан округтеріндегі 18 медициналық мекемелердің қазіргі жағдайы алаңдатып отыр. Дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысын қайтадан салуды қажет етеді. Мәселен, 11-інің жеке ғимараты мүлдем жоқ, жетеуі әбден ескіріп, пайдалануға қолайсыз болып барады. Кудряшовтағы, Еңбекшідегі және Көптоғайдағы емдеу мекемелері ешбір сынды көтермейді, бірінші кезекте осылар қолға алынса дейміз. Жалпы, 2025 жылға дейінгі перспективалық жоспарға салынып отырғанымен бір себептермен кейінге ысырыла береді. Асан медпунктінің құрылысына 2018 жылы сұраныс жасағанымызбен биылғы жылы ғана қол жеткізіп отырмыз. Аудандық мәслихаттың депутаттары Б.Кенжебаев, Е.Құбашев өздерін толғандырып жүрген өзекті сауалдарын қойды.

nutievty-abyldauy

kezdesu

Жамбыл ауылының тұрғыны, көп балалы ана Балхаш Башаева қабылдауға туа бітті құлақ-тіл кемістігі бар ұлымен кіріп, оның қазіргі жатқызылып отырған мерзімсіз ІІІ топ мүгедектігін бірінші немесе екінші топқа ауыстыруға көмектесуін сұрады. Құрманғазы ауылының тұрғыны Гүлнар Жұмағалиева он алты жыл үйсіз-күйсіз жүріп, қайырымды жандардың арқасында ғана баспаналы болғанын, сол үйлерінің газ қазандығында ақаулық барын, қараған мамандардың оны ауыстыру қажет дегенін, кәріз құдығының да астынан су өнуі салдарынан әлсін-әлсін толып қалатынын, азаматының мүгедектігіне орай жалғыз өзінің бұл қиындықтарды еңсере алмайтынын айтып, жәрдемдесулерін өтінді. Оларды мұқият тыңдаған облыстық мәслихат хатшысы Ә.Нәутиев бұйымтайларын шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT