Қоғам болып үн қосайық!

(0 Votes)

Елдің болашағына, келешек тағдырына қатысты өзгерістер негізінде халықтың тікелей қатысуымен шешілуі қажет.

Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың пікіріне құлақ асып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін референдум жариялады. Мұны дер кезінде қолға алынған қажетті бастама деп білеміз.

Президенттің жетекшілігімен Қазақстан ішкі де, сыртқы да саяси үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқаны бәрімізге белгілі. Сыртқы саяси өзгерістердің бірі ретінде жақында Президенттің Түркияға мемлекеттік сапармен барып, екі ел арасындағы байланыстарды жандандыра түсетін көптеген құжаттарға қол қойғанын айтуға болады. Бұл сапар мемлекетіміз үшін үлкен белес, зор жетістік болды.

Сол секілді ішкі өзгерістердің бірі әрі маңыздысы ретінде алдағы 5 маусымда өтетін республикалық референдумды айтар едік. Бұл референдумда еліміздің негізгі заңы – Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Әрине, бұған дейін де Конституцияға 80-нен аса өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Және ол кезде халықтың пікірі ескерілген жоқ. Себебі ол уақытта Конституциясына енгізілген түзетулердің бәрін Парламент қабылдады. Ал биылғы қолданысқа енетін жаңа конституциялық реформа бүкілхалықтық дауысқа салынады. Бұл дегеніміз – біздің қоғам болып үнімізді айтуға берілген мүмкіндік.

Биылғы конституциялық реформада Президенттің өкілеттіктерін кезең-кезеңмен қысқарту; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің кандидаттарын келісу; әкім қызметіне кандидаттарды облыстық мәслихаттар депутаттарының қарауына ұсыну; аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу; суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті көшу т.б мәселелер қарастырылмақ. Нәтижесінде бірнеше маңызды өзгерістер болады. Атап айтқанда, заң шығару процесінің тиімділігі артады; Мәжіліс пен Сенатты құру тәртібі өзгереді; депутаттардың электоратпен байланысы күшейеді т.б.

Биліктің бұқараның пікірін ескеруі, халықпен бірлескен жұмыс тәсіліне көшуі – қуанарлық жағдай. Себебі халықтың тілегіне, қалауына назар аудару біздің дамыған ел ретінде алға басқанымызды көрсетеді. Себебі дамыған елдерде билік пен халық бір-бірін толықтырып, ықпалдасып жұмыс істейді. Сондықтан 5 маусымда өтетін референдумға белсене араласып, тарихи сәтте өз таңдауымызды жасауымыз қажет.

Зәмзагүл Карсакова,

облыстық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT