Оңалтудың озық тәжірибелерін үйретті

(0 Votes)

Атырау қаласындағы «Болашақ К» қоғамдық қорының оңалту орталығы аудандық орталық ауруханасы базасында «Тірек-қимыл және психологиялық жүйе бұзылыстарын кешенді оңалту шаралары» циклі бойынша семинар-тренинг өткізді.

Бес күнге жалғасқан 72 сағаттық дәріс «Теңізшевройлдың» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясындағы қолдауы негізінде мүмкін болды. Шараның алғашқы күнінде аталмыш қоғамдық қордың директоры, дәрігер-реабилитолог Жібек Бисенова оның негізгі мақсаты жергілікті денсаулық сақтау мекемелері мамандарының әлеуетін оқыту және тәжірибе алмастыру жолымен оңалту көмегінің сапасын арттыру екеніне тоқталып, өткізетін тренерлермен таныстырды. Кинезиотерапевт, кинестетикс бойынша жетекші маман – емдік дене шынықтыру әдіскерлері Рысжан Ажғалиева, Райымбек Қалабаев, Гүлмира Жұмашева, Сәуле Қанатовалар реабилитация негіздері, балалар церебральды сал ауруы, инсульт түрлері, паралельді-спиральды қимыл қозғалыстар, оның биомеханикасы, дұрыс емес стереотиптер, ми және оның құрылысы, тірек-қимыл жүйесі, тепе-теңдік сақтауды тексеру тесттері, терапия түрлері, тыныс алу биомеханикасы, реабилитацияда және ковидтен кейінгі оңалтуда пайдаланылатын тыныс алу жаттығулары, тұйық кинематикалық байланыс, рефлекторлық гимнастика бойынша практика-теория жүзінде үйретті. Дефектолог-логопед мамандар Марина Жұмабаева, Айгерім Рахимова нейропсихология негіздері, логопедиялық массаж әдістері, дыбыс қою технологиясы және артикуляциялық жаттығулар, қосымша және балама коммуникация негіздері туралы түсініктер берді.

Жоба менеджері Абай Елеуов бізбен әңгіме барысында өзі де кинезиотерапевт, дефектолог әрі емдік дене шынықтыру әдіскер маманы екенін айтып, семинар-тренингтің маңызына тоқталды. – Қор жанындағы оңалту орталығы 2016 жылдан бері істеп келеді. Кейінгі уақыттарда міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында жұмыс жасайды. Мамандарымыздың неміс, ресейлік және отандық менторлардан тәлім алған халықаралық сертификаттары бар. Олар өздері оқыта алатын деңгейге жеткендіктен жергілікті мамандарға да үйретуге кірісті. Бұрындары тек оңалту орталығында ғана дәріс берсек, қазіргі уақытта облысымыздың бес ауданында осындай топпен болып, тәжірибе тарату үстіндеміз.

Бұл «Сапалы реабилитация» оқыту жобасын өткен жылдан бастап жүзеге асырып келеміз. Өткізіп жатқан семинарымыздың басқалардан ерекшелігі теориядан гөрі практикаға аса маңыз береміз. Сондай-ақ, ДЦП диагнозды балаларды және инсульт алған адамдарды үй жағдайында отырып-тұрғызудың оңай тәсілдерін үйретеміз. Дәріске қатысқан аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының, № 5 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің қызметкерлеріне, емдеу мекемелерінің реабилитолог, невролог дәрігерлеріне, эрготерапевт, психолог, дефектолог, логопед мамандарына арнайы сертификат табысталды.

 

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521