НҰРЖАУДАҒЫ ЖАҢА КЕШЕН

(0 Votes)

Спорт — салауатты өмір  салтының  ажырамас  бөлшегі  болса, сол  белсенді өмір қозғалысы арқылы бұқараның денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартатын спорттық инфрақұрылым мен білім беру ұйымдарындағы спорт залдарының жетіспеушілігі ауылдық жерлерде күрмеуі қиын мәселе еді.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында балалар спорты мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырғанынан бөлек, Нұржау тұрғындарының ұйымшылдығы мен адал еңбегінің арқасында бұл мәселе өз шешімін тапқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жақында Нұржау ауылында көптен күткен жаңа «Bolashak» күрес залының ашылу салтанаты өтті. Осыдан үш жыл бұрын құрылысы басталған аталған нысанның аяқталғанына ауыл жұрты дән риза. Ауыл жастарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, физикалық дамуын арттыруды, спортты сүюге ынталандыруды  және жас таланттарды қолдауды мақсат тұтатын бұл кешен негізінен спорттың күрес түріне арналған.

Күрес залының спорттық жабдықтары «Qazaqstan halqyna» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылып, «Batyr bolamyn» жобасы аясында қамтамасыз етіліпті. Аталған шараның ашылу салтанатына аудан әкімі, «Batyr bolamyn» жобасының өкілдері, облыстық күрес федерациясының мүшелері, блогер, ауыл жастары мен жас дзюдошылар қатысты. Елді мекен тұрғындарының қуаныштарына куә болған аудан әкімі Жанғалиев Абат, округ әкімінің кеңесшісі Каламов Қуаныш, аудандық мәслихат депутаты Зинулаев Айбек, округ әкімінің спорт нұсқаушысы Ғайса Ринат, Бөкейхан балалар жасөспірімдер  спорт мектебінің директоры Ғаббасов Серікбол, «Batyr bolamyn» қоғамдық қорының негізін қалаушысы Уахап Арман Балкенұлы, «Batyr bolamyn» қоғамдық қорының президенті Сәбікенұлы Ернұр, Атырау облысының Еркін және грек рим күресінің президенті Тугаев Армандар ауыл жігіттерінің көрсеткен қамқорлығы мен еңбекқорлықтарын мадақтап, «Batyr bolamyn» қоғамдық қорының амбассадоры Бектұров Нұрдаулет жақсы жаңалықпен құттықтап, ауыл жастарынан  табандылық пен қажырлылықты талап ете отырып, спортта  биіктерден көрінуін тіледі. Ғимараттың лентасы салтанатты түрде қиылып, Нұрдаулет Шапихов пен Мәмбетов Мейрамбектер ән-күймен көңілге шуақ шашты.

«Bolashak» күрес залы – ауыл жастары үшін зор мүмкіндік әрі жарқын болашаққа бастар жол болса, Нұржау ауылынан болашақта республикалық, халықаралық және олимпиадалық ареналарда топ жарған спортшылардың шығатынына сеніміміз зор. 

Жеткеншек Меңдіғалиұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT