Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауыл ардагерлері мен зейнеткерлерінің ұйымдастыруымен кіші аяқ добынан ауылішілік жарыс өтті. Ата-бабалар ерлігіне тағзым етіп, соғыста қаза тапқандарды еске алуға арналған бұл шара ауыл жастары арасында отансүйгіштік пен спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатында округ әкімі Мұрабек Мұғалім құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ауған соғысының ардагері, әкелер кеңесінің төрағасы Айжарық Сақташов сөз алып, жастарға батасын беріп, елдің тыныштығын сақтаудың маңызына тоқталды. Жарысқа ауылдың әр жылдары туған жастары арасынан 8 команда қатысып, өзара тартысты ойын көрсетті. Тартысты өткен дода көрермендер мен жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.
Аталған жарыс қорытындысымен I орын 1999 жылы туылған жастар құрамасына тиді. II орынды 1994 жылғы жастар құрамасы алса, III орында 2009 жылғы өрендерден құралған команда еншіледі. Жеке номинациялар бойынша Саясатов Ертілек – «Үздік қақпашы», Ғарифолла Фархат – «Үздік ойыншы», Каримов Мерей – «Сұрмерген» (ең көп гол соққан ойыншы) атанды. Жарысқа белсенді қатысқан ауылдың аға буын футболшыларынан құралған командаға ақшалай сыйлық табыс етілді. Жеңімпаздар мен үздіктерге медальдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Марапаттау рәсіміне ауылдық ардагерлері кеңесінің төрағасы Оразғали Алғаязов арнайы қатысып, үздік шыққан командалар мен ойыншыларға жылы лебізін білдіріп, марапаттарды табыстады. Бұл спорттық шара — жастардың бойындағы патриоттық рухты көтеріп, үлкендер мен кіші буын арасындағы сабақтастықты нығайтқан маңызды іс-шара болып есте қалды.
Нұржау ауылдық округі