Ломоносов атындағы жалпы орта мектебі Ұлыстың ұлы күнін киіз үй құрып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, самаурын қайнатып, қазан көтеріп қонақжайлығымызды айшықтап атап өтті. Жер дүниені дүсірлеткен тұлпар дүбірі естіліп, ауыздығымен алысқан аты жер тарпыған шабандоз Жаңа жыл келе жатқанын айтып сүйінші сұрады.
Артынша ортаға гүл Көктемді ертіп Қыдыр ата жетті. Қаһарлы қыстың кетіп, күн енді жылылық төгетінін жеткізген Көктемнен соң ақ сақалы желбіреген Қыдыр ата Ұлыс оң, ақ мол болсын деген батасын берді. Ақ жаулықты әжелер отпен аластап, шашу шашылып, ұлттық киім киген келіндер сәлем салып, ардагер ұстаздармен, ата-аналармен көрісті. Келушілерге ақ пен наурыз көже ұсынылды. Мерекелік шараға қатысушыларды мектеп директоры Толқын Әжіғалиева құттықтап, ізгі тілегін жолдады.
Шара барысында мектеп оқушылары мен ұстаздары әсем әндер мен билер орындап, биыл құрылған, немерелері осы білім ұясында оқитын, алды 82 жастағы «Аяулы әжелер» ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар, самаурын тұтату, асық ату, арқан тарту сияқты спорттық ойындарға кезек берілді. Киіз үйде мерекелік дастархан ұйымдастырылды.
Орлы ауылының Орталық алаңында Ұлыстың ұлы күніне орай «Наурыз – мерекем, Наурыз-берекем» атты мерекелік шара өтті.
Алаңға тігілген 3 киіз үйдің жанында қой көтеру, асық ату, қазақша күрес, қол күресі сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Округ әкімі Жандос Бектеміров қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады. Н.Манаев атындағы орта мектептің мұғалімі Ә.Кибашев қой көтеру сайысында жеңімпаз атанып, қалған қатысушылар ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Мерекелік шараның ресми бөлігі ауылдық «Өнерпаз» мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мәдени ошақта Көктем мен Қыдыр атаның келуі сахналанып, айтыскер ақын Мүтиғолла Ғани арнау жырын орындап, одан әрі өнерпаздардың ән-биіне жалғасты. Сонымен қатар, ақ жаулықты аналар шеруі өтіп, мерекелік жәрмеңкеде ауылдың кәсіпкерлері, «Бақтылы нан» комбинаты өз тауарларын тұрғындарға жайып салды. Бір шетте балаларға ойын батуты құрылды. Мерекелік шараның өз дәрежесінде өтуіне жергілікті мекеме басшылары, жеке кәсіпкерлер Рафхат Мукушев, Тұраргүл Шиямиденова, Асқар Сатыбалдиев, Нұрлан Өтегенов, Самат Айдарәлиев өз үлестерін қосты.
Қанат ҒҰМАРОВ