Өнерлерімен тәнті етті

(0 Votes)

Халықаралық театр күніне орай аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудандық театр фестивалі өтті.

Мақсаты – тұрғындардың театрға деген қызығушылығын арттыру, дарынды режиссерлер мен актерлерге қолдау көрсету, өнер ұжымдарының жұмысын жолға қою, заманауи сахна бағыттары мен ерекшеліктерін танып біліп, тәжірибе алмасу. Фестивальге Дүйсенғали Ғұмаров, Зәмзам Исмағұлов атындағы, Орлы, Алға халық театрлары және «Самғау» драма ұжымы қатысты.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова Халықаралық театр күнімен құттықтап, өнер ұжымдары мүшелерін Атырау облыстық мәдениет басқармасының, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Ұлығылау рәсімінен кейін театр ұжымдары қошеметпен ортаға шақырылды.

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халық театры Исмаил Иманның «Астараның бақтары» драмасын сахналады. Драмада лаңкестік оқиға орын алғаннан кейін Расулдың (Алтынбек Биғалиев) жоғалып кетіп, 15 жыл өткен соң өз отбасына оралуы баяндалады. Бұл кезде оның әйелі Зейнеп (Айжанар Ғапуова) жігіттің туған ағасы Ануарға (Ринат Абулхайыров) күйеуге шыққан. Анасы Алия (Заря Қуанышқызы) қоларбаға таңылса, әкесі Бақтияр қарт (Қайрат Сайфуллин) ұлы шаһид болған адамның рөлін ойнап жүргеніне разы. Кіші Расул ( Заманбек Меңдіханов, Расулдың ұлы) әкесі кім екенін ол оралғаннан кейін біледі. Расул мен ағасы Ануардың арасындағы қарым-қатынас шиеленіседі. Зейнеп бұрынғы күйеуін сүйгенімен, енді ештеңені өзгерткісі келмейді. Соңында өзінің 15 жылдан кейін оралғанына анасынан басқа ешкім риза еместігін сезген Расул келген жағына кері кетеді.

Жерлесіміз, марқом Рахмет Ерғалиевтің «Қазыбайдың қапасы» атты әзіл-шыны аралас комедиясын сахналаған Ақкөл ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Самғау» драма ұжымның өнері де сәтті шықты. Қошалақ бойында отырған Қазыбай қарт (Берік Жұмағазиев) пен кемпірі Құмшекердің (Жәннат Сидеғалиева), оларға келген қонақтар Самат (Нұрлан Төлегенов), Жанат (Гүлнарида Жолмұханова), Есенғұл (Қадыржан Хасанов), адасып жүріп жол сұраған шалақазақ Кристина (Үміт Сабирова), Сергей (Рүстем Қалимоллаев) арасындағы әңгімеден ұлтымыздың әдет-ғұрпы мен асыл қасиеттерін қастерлеуге деген алаңдаушылықты байқаймыз. «Өнерпаз» мәдениет үйі жанындағы «Орлы» халық театры қойған Исрайл Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасына сазгер Шәмші Қалдыаяқов (Ербол Зұлхарнаев) пен цыган қызы Изолданың (Айнагүл Нұрғалиева) арасындағы махаббат хикаясы өзек болған. Барлық әртістер оны жақсы сомдап шықты. «Шабыт» мәдениет үйі жанындағы «Алға» халық театры Берік Қорқытовтың «Жарайсың шалым» атты комедиясымен келіпті. Комедияда қартайған шағында оқу бітірген баласына келін іздеп келіп, балалық шағындағы махаббаты Қалима кемпірмен (Айгүл Сатханова) кездескен Қабыл қарттың (Ғафур Бултуков) хикаясы қызықтырып, көрерменді өзіне тартады.

Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасын сахналаған Жаңаталап ауылдық клубы жанынан құрылған Зәмзам Исмағұлов атындағы халық театры 1930-1932 жылдары Кеңес үкіметінің жүргізген солақай саясаты – күштеп ұжымдастыру арқылы қазақтың басына туған аштық зобалаңын бір отбасының қасіреті арқылы ашып көрсетіп, көз алдымызға әкелді. Ахмет (Самат Саламатов) пен оның сүйген жары Сәуленің (Жазира Сарсенғалиева) тағдыры сол кездегі халықтың басынан өткен жайт. Актерлердің рөлдерді шынайы сомдағаны соншалық көзге жас үйіріліп, жүректе аяушылық сезімін ұялатты. Драманың өн бойында көрерменге жақсы әсер қалдырған пысық әйел Сәуленің ерін аштықтан аман алып қалу үшін: «Сен ер адамсың. Аман қалып отбасын құруың керек. Енді сенде жолыңа жейтін тамағың болады» деп жүрегіне пышақ сұғып жолға шыққалы жатқан Ахметке өзін ет ретінде ұсынғаны, оның өлі денесін көтерген ерінің зары көрермен көңілін толқытпай, бейжай қалдырмайды. Қазақ әйелінің махаббаты үшін қандай құрбандыққа да бара алатынын әйгілейді. Жалпы драманың өту барысында оның барлық көріністеріне көрермендер қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Ахметтің немересі Ерболдың (Болат Бидолаев) журналист Ленаға (Сымбат Наурызова) атасының күнделігін ұсынып, қазақтың басына түскен нәубетті газет бетінде жариялауға тырысқаны да шанымды шықты. Театр ұжымдарының өнерлеріне тәнті бола отырып, ауданымызда да ешкімнен кем түспейтін осындай дарындар барына көз жеткіздік.

Фестиваль қорытындысымен Зәмзам Исмағұлов атындағы халық театры «Үздік қойылым», «Алға» халық театры «Үздік декорация», Ербол Зұлхарнаев (Орлы) «Үздік ер адам рөлі», Жәннат Сидеғалиева (Ақкөл) «Үздік әйел адам рөлі», Айжанар Ғапуова (Құрманғазы) «Үздік режиссер» аталымдарына ие болды.

Марапаттарды әділқазылар алқасының мүшелері ақын Таңтар Дәрелұлы, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова, Теңіз халық театрының режиссері Нұрхат Бралин табыс етіп, өнер ұжымдарының үлкен дайындықпен келгенін, әрқайсысынан да бес аталымға сай әртістер табылып тұрғанын айтып, қойылымдарына жоғары баға берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521