Орлы халықтық театры Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Қанат Ғұмаровтың «Тағдырдың төрт соққысы» атты үш көріністі трагедиялық драмасын сахналады.
Драмада Жансая (Айнамгүл Нұрғалиева) атты жас қыз қалаға келіп, алаяқтардың алдауына түсіп, мойынына несие іліп, құрбысы Нәзираның (Әсел Қапизова) сақтандырғанын тыңдамай жылпос жігіт Мэлстен (Ербол Зұлхарнаев) қызды болады. Жігіт қиындықпен бетпе-бет қалдырып, із-түссіз жоғалған соң сәбиін асырауға жағдайы тартпай, мойнына анасы сыйлаған тұмарды іліп, «жағдайым түзелгенде өзіңді кері аламын», деп қызына Үміт деген ат беріп, қимай жылап балалар үйінің меңгерушісі Бейбінұрға (Нағима Хасанова) тапсырады. Одан кейін алып қашудың (Нұрлан Өтегенов) құрбанына айналады. Барған жерінде атасы Жарқын (Серікбай Мадиев) жақсы адам болғанымен, адуынды қайын енесі Жанна (Әсел Қапизова) мен ұрдажық маскүнем күйеуі Санжардан (Бақытжан Бекжанов) қорлық көреді. Енесі Жансаяның ұлы Марат (Айдос Сембаев) пен келіні Ардагүлді (Диана Ильясова) де оған қарсы қояды. Тойға бара жатып қайын атасы, енесі, күйеуі жол апатынан қаза тауып, Жансая (Әсел Мұртазаева) қоларбаға таңылады. Әйелінің дегенінен шыға алмаған Марат туған анасын қарттар үйіне тапсырады. Жансая осында өзі сияқты тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Тоғыбай қартпен (Серікбай Мәдиев) кездесіп, мұңдас, сырлас болады. Екеуіне де өздерін емдейтін дәрігер қыз Үміт (Айнамгүл Нұрғалиева) ұнайтын. Үміт Тоғыбайдың қан қысымын өлшеуге келгенде қарттың көзі қыздың мойынындағы тұмарға көзі түседі. Қыз оны анасы балалар үйіне тапсырғанда мойнына таққанын айтқанда Жансая қоларбадан құлап, жылап отырып, барлық шындықты жайып салады. Үміт бастапқыда тіксініп қалғанымен, анасын түсініп, кешіреді. Қоюшы режиссер Нағима Хасанова, музыкамен көркемдеуші Бақытжан Бекжанов, суретшісі Ерқанат Сағындықов.
Театр әртістері барлық кейіпкерлерді шебер сомдап, рөлдерді жақсы шығарды. Бәрін жаттап, жанды дауыспен орындау оңай шаруа емес. Кейбірі екі рөлді орындады. Өнерлеріне тәнтіміз. Көрермендер де жиі-жиі қол соғып отырды. Орлы халықтық театрының жетекшісі Нұрлан Өтегеновтің айтуынша дайындыққа жылға жуық уақыт кеткен. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектеміров тарапынан драма авторына шапан жабылып, ескерткіш сыйлық табысталып, театр ұжымының өнері жоғары бағаланып, ризашылық білдірілді.
Өз тілшіміз