Құрманғазы ауданында ҚР туризм саласының үздігі, Құрманғазы аудандық Жас туристер станциясының директоры Өтегенов Алмажи Тағанқожаұлының 60 жасқа толуына орай «Өнегелі өмірдің өрелі иесі» атты мәдени-танымдық шара өтті.
Мерейтойлық кеш Бегалиев жалпы орта мектебінде ұйымдастырылып, оған аудан тұрғындары, әріптестері, сала басшылары, шәкірттері мен жақындары қатысты. Салтанатты шарада Алмажи Тағанқожаұлының білім, спорт және туризм салаларындағы ұзақ жылғы еңбегі, ел дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Еңбек жолын 1989 жылы білім саласында бастаған мерейтой иесі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ретінде талай шәкірт тәрбиелеп, облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктерге жетті. 2007 жылы «Үздік дене тәрбиесі пәні мұғалімі» атанса, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және «Үздік ұстаз – 2012» атағымен марапатталған. Құттықтау лебізін білдірген аудандық білім бөлімінің басшысы Баяров Еділ Ғарипұлы Алмажи Тағанқожаұлының ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, оған аудан әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті. Шара барысында әріптестері, білім беру мекемелерінің басшылары, туризм және спорт саласының мамандары, шәкірттері мен олардың ата-аналары жүрекжарды тілектерін білдірді.


Алмажи Тағанқожаұлының 2016 жылдан бері туризм саласында табысты еңбек етіп, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Туризм саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталуы – оның кәсіби біліктілігінің айқын дәлелі екені айтылды. Кештің әсерлі сәттерінің бірі – мерейтой иесіне сөз берілер алдында бауырлары мен туыстарының лебіз білдіруі болды. Олар Алмажи Тағанқожаұлының отбасындағы өнегесі, азаматтық болмысы, туған-туысқа қамқорлығы жайында айтып, ақжарма тілектерін арнады.
Қорытынды сөз алған Алмажи Тағанқожаұлы жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, әрдайым елге қызмет ету – өмірлік ұстанымы екенін атап өтті. Мерейтойлық кеш өнерпаздардың әсем әнімен түйінделіп, ел ағасына деген құрмет пен ықыласқа толы тағылымды шара ретінде көпшілік көңілінен шықты.
Ақбота Жалғауова


