Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ауданымыздың мектептеріндегі «Өренді өлкетанушы» клубы топтарының жылдық жұмысын қорытындылуға арналған «Өнегелі өлкенің өрнекті істері» атты аудандық шара өтті.
Аталған шараға Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев қатысты.
Алдымен аудандық мәдениет үйіне қойылған Мақаш, Дыңғызыл, Бірлік, Еңбекші ауылдық округтерінің, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Мырза Әли, Д. Нүрпейісова, С.Имашев орта мектептері жанындағы тарихи-өлкетану музейлерінің жәдігерлері қойылған көрме тамашаланды. Ауданымыздың тамылжыған табиғаты туралы түсірілген бейнбаян назарға ұсынылды. Шараның ресми бөлігінде аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов сөйлеп, өлкетанушылардың қызметіне жақсы баға беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудан әкімінің алғыс хатымен, Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай шығарылған «Дауылпаз» мерекелік медалімен, «Құрманғазы ауданына 95 жыл», «Өлкетанушы» төсбелгілерімен бір топ еңбек ардагерлерін, облыстық, аудандық басқарма, мекеме басшыларын, жеке кәсіпкерлер мен «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелерін ұлығылады.
Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов бір топ адамға облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хатын табыс етті.
Аудандық музейдің директоры, «Өренді өлкетанушы» клубының хатшысы Жазира Хайрошева өлкетанушылардың атқарған істеріне шолу жасап, бүгінде оның мүшелерінің саны 43-ке жеткеніне, клуб кеңестері мен жиындары аудандық музейде, сонымен қатар, 21 мектепте өтіп тұратынына, «Киелі мекен – қасиетті өлке Құрманғазы» атты аудан тарихын қамтитын тарихи-танымдық кітаптың үш томын жазып шығару қолға алынғанына, алдағы атқарылғалы отырған жұмыстарға тоқталды.
Қоғам қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Сәрсенбай Еңсегенов ауданымыздың өткен тарихы жайлы қысқаша айтып өтіп, халқымызды аштық жылдарында ажалдан аман алып қалған құмаршық өсімдігі, оның екі түрінің Астанада Ұлттық сараптама орталығында зерттеліп, құнарлылығы бағаланғаны жайлы әсерлі әңгімеледі. Келесі кезекте өлкетану жөніндегі іс-тәжірибе жұмыстары жөнінде С.Имашев орта мектебінің мектебінің мұғалімі Ұлан Иманғалиев, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Алтын Каменова, Еңбекші орта мектебінің 9 сынып оқушысы Эльназ Лездің қысқаша хабарламалары тыңдалды. Құрманғазы аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев аталған клубтың дипломымен, Құрмет грамотасымен бір топ адамдарды марапаттады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева оқушыларды білім бөлімінің Алғыс хаттарымен ұлығылады. Аудан өнерпаздары әсем әндер орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шараның екінші бөлігі Атырау облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мұнайлы өлке, шырайлы өлке – Атырау» атты көшпелі көрменің ашылуына ұласты. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов кіріспе сөз сөйлегеннен кейін, музей экспонаттарын аудандық музейдің меңгерушісі міндетін уақытша атқарушы Жазира Мадирова қатысушыларға таныстырды.
Қанат ҒҰМАРОВ