Өндірумен шектелмей өңдегеніміз дұрыс

(0 Votes)

Өз Жолдауында Мемлекет басшысы шикізатқа байланған менталиттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін айтты.

Бұл бүгінгі күннің талабы. Қазақ жерінде қазба байлығының бәрі бар. Бірақ соны тиімді пайдаланып отырмыз ба? Бар әңгіме сонда! Мұнайды өндіреміз, бірақ жанар-жағармайды іргелес елден импорттаймыз. Өзіміздегі санаулы мұнай зауыттарының қара алтынды өңдеп, еліміздің сұранысын толығымен қамтамасыз етуге қауқары жоқ. Бізден алған шикізаттар тауарға айналып, бірнеше есе қымбаттап өзімізге қайта оралады. Оларды шыққан жерінде өңдесек, қанша қаржы үнемделер еді деп ойлаймыз. Мәселенің бұл бір жақ қыры. Екіншіден қазір тұтынып жүрген тауарларымыздың дені шетелдік. Тіпті шұлыққа дейін бізге іргелес Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді. Қала берсе Қытайдан жеткізіледі. Осындай халыққа қажетті күнделікті тауарларды өндіретін зауат-фабрикалар өз жерімізде салынса экономикамыз өркендеп, қосымша өндіріс орындары ашылып, жастар жұмыспен қамтылар еді. Бюджет те толығады. Өңірдегі көшбасшы атану үшін Қазақстанда мүмкіндік мол. Мұхитқа шықпасақ та, Каспий сияқты бес елдің басын қосып жатқан теңіздің жағасында орналасқанбыз. Теңіздің арғы бетінде Иран мен Әзірбайжан, Түркменстан тұр. Екі жағымызда алпауыт Ресей мен Қытай бар. Экономиканы әртараптандырсақ өнім өткізетін нарықты іздеп әуреге түспейміз.

Бір ғана қазба байлығымен шектелмей осыдан бірдеңе шығады, халық тұтынады, шетелдерде сұраныс бар дегеннің бәрін өзімізде жасауға көшуіміз керек. Мұнайы жоқ Жапония мен Сингапур бізге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана өркениет көшінің алдында жүреміз. Қарапайым ғана мысал келтірсек, біздің ауданда үй салатын тасты қолдан соғады. «Саман тас», деп аталады. Бір «Камаз» сазды 10 мың теңгеге алдыңыз десек, оған шөп қосқанда 300-дің үстінде тас шығады. Оны 100 теңгеден сатсаңыз 30 мың теңге түсіресіз. Шикізат та солай оны сол күйінде сатқанша, өңдесек игілігін көреміз. Балықты қалбырлап шығарсақ, теріден аяқ киім тіксек, егінді банкілерге салып шетелге жіберсек ұтылмаймыз. Мұны кәсіпкерлер қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық өркендеудің негізгі факторына айналып отырғаны баршамызға мәлім. Сол бағытта жұмыстансақ халықтың тұрмыс жағдайы түзеледі.

Мемлекет басшысының Жолдауында басқа да бірқатар мәселелер айтылды. Бәрінің де күнделікті өміріміз үшін маңызы зор. Сондықтан оның жүзеге асырылуына бірлесіп атсалысу ортақ міндетіміз деп санаймын.

Жұмақай Ғұмаров,

аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT