Наурызда жаңа кітаптың тұсауы кесілді

(0 Votes)

Бөкейхан ауылдық округінің мәдениет үйінде Әз-Наурыз мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Оның барысында «Бөкейхан ауылы» атты округтің шежірелік кітабының тұсауы кесілді. Шара ақын Таңатар Дәрелұлының сөзіне жазылған, ауылдың әнұранына айналған «Бөкейхан ауылы» атты әнмен ашылды. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы Ұлыстың ұлы күнімен, кітаптың тұсаукесерімен құттықтап:

– Біздің ауданымызда 19 округ болса, ең алғаш рет осы Бөкейхан ауылында мұндай туынды жарық көріп отыр. Бұл кітапта осында еңбек еткен тұлғалардың, Бөкейхан Нұралыұлының өмірбаяны жазылған. Келер ұрпаққа асыл мұра, қымбат қазына болып қалары сөзсіз. Ата-бабамызға тағзым етуге арналған, ата-әжелеріміздің ұрпақтарының бірегей ісі екені айқын. Жаңа туындыдан ауданымыздың тарихын, бабаларымыздың тағдырын оқып білеміз,– деп оны шығаруды ұйымдастырған округ әкімі Жүсіп Төреғалиев бастаған азаматтарға ризашылығын білдірді.

Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, белгілі өлкетанушы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев ауылдың жаңа атауының маңызы зор екеніне тоқталып:

– Бөкей хан осы Еділ-Жайық ортасына екінші жұртты бастап келді. Екі өзеннің арасын Қазақ елінің бір пұшпағы етіп қосуға қызмет жасаған көрнекті тұлға. Бұрынғы «Байда» атауы да тарихи есім. Мұны да назардан тыс қалдырмауға мүмкіндік бар. Өйткені Бөкейхан ауылы – Шағыл ауыл, Орталық, Перевалочный деп бөлінеді. Осы үшеуінің біреуіне Байда атын берсе нұр үстіне нұр болар еді. Кітап жөнінде айтар болсам, оны шығару үлкен ерлік, орасан зор жұмыс жасалған. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Біткен іске сыншы көп», деген сында айтылар. Бірақ, бұл тарихта үлкен еңбек болып қалады, – деп ризашылығын білдіріп, аудан әкімі А.Жанғалиевтің тікелей басшылығымен округтердің шежіре кітабын шығару жұмысы жүріп жатқанын қаперге берді.

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ондаған жыр жинақтарының авторы Таңатар Дәрелұлы:

– Өздерінің ата-бабасын, осы жерде өмір сүрген адамдардың тарихын түгендеп, кітап жазып, оны Наурыз тойымен ұластырып жатқан Қазақстан бойынша бірден-бір округ – Бөкейхан ауылдық округі. Ата-бабаның рухын танытып, баспа бетіне суреттерін басып, еліміздің рухани қазынасына тың үлес қосып отырған бөкейхандықтар мәртебелеріңіз биік, кітаптарыңыз құтты болсын! Кешегі өткен үшінші Құрылтайда Президентіміз адал адам туралы айтты. Қазір бізге жүрегінде ел мен жерге деген сүйіспеншілік орнаған адал адамдар керек. Жүсіп осында әкім болып келгелі округте өткен жақсы жаңалықтардың куәсі болып жүрміз. Хан бабамыздың атын иеленгенде мағынасы мен мазмұны үлкен, тарихта, есте қалатын шалқыған той өтті. Ауылдағы Пионер, Комсомол, Красный баррикада деген және басқа да көше аттарын алып тастап, осы жерде еңбек еткен аталарымыздың есiмдерiн берді. Бөкейхан есімін айшықтайтын қақпа орнатты. Көшелер асфальтталып, аудан әкімінің қолдауымен ауыз су мәселесi де шешілгелі жатыр. Жаңарулар мен өзгерулер осы ауылда ерекше көрініс беріп тұр,– деп округ әкімі кітапты шығаруда өзімен кеңесіп отырғанын, тегін шығарып беремін деп кеуде қаққан біреудің сөзіне тұрмай алдап кеткенін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Бөкейхан ауылы» кітабының авторы Дүйсенбек Гайсин бала кезінде Котяевтің «Перевалочный» ауылында тұрғанын, Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте оқығанын, елді мекеннің «Котяев» атанғанына ғасыр жарымнан асқанына тоқталып:

– Округке ханның аты берілгеннен кейін Жүсіп Сүлейменұлына оның әнұранына айналатын ән жазу керектігін, осы жөнінде Таңатар ағамен сөйлесіп көру қажеттігін айттым. Таңатар аға әннің сөзін «Марш екпінімен» деп жазып беріпті. Қазақ ұлттық консерваториясындағы таныс жігіттермен әннің әуенін жазу жөнінде келіскенімде олар маған қызылордалық сазгердің аты-жөнін жіберді. Алайда, оның жазғаны патриоттық рухта болмаған соң көңілімнен шықпады. Тағы да сұрастырып, Орал қаласынан «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетовпен сөйлестім. Қазақ ұлттық филармониясында әуені жазылды, – деп әсерлі әңгімелеп, одан әрі кітапты жазуға жыл жарым уақыт кеткенін, ауылдың 223 адамының өмірдерегі енгенін жеткізді. Келесі кезекте Ф.Оңғарысынова атындағы орта мектептің директоры Шынар Исатаева «Бөкейхан ауылы» кітабының төрт тарауына жеке тоқталып, таныстырып шықты. Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов құттықтау сөз сөйледі. Жаңа кітаптың лентасын оның авторы Дүйсенбек Гайсин, аудан әкімі Абат Жанғалиев, жазушылар Өмірзақ Қажымғалиев, Таңатар Дәрелұлы қиды. Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев «Ауылға сіңірген еңбегі» үшін төсбелгісімен Ө.Қажымғалиевті, Д.Гайсинді (шапан жауып), Ж.Түсіпқалиеваны марапаттады.

Соңында ауыл тұрғындары атынан Д.Гайсинге ат мінгізілді. Салтанатты шара аудан өнерпаздары қатысқан мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521