Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған, Балалар жылына арналған «Наурыз мейірімі» атты қайырымдылық акциясына шалғай ауылдардан да қамқөңіл балақайлар ата-аналарымен қатысты.
Қайырымдылық акциясы қазақтың халық ертегісі «Ұр тоқпақты» сахналануымен басталды.
Қатысушыларды құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова: – Мерекелік онкүндік шаралар жоспарына сай бүгін осы акцияны ұйымдастырып отырмыз. Негізгі мақсат – ерекше балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Көрісу айтпен басталған Наурыз мерекесі құтты жыл болсын! Қатысып отырған ата-аналарға тілерім ерекше балаларыңыз аман-есен сауығып кетсін. Оларды қамқорлап, тәрбиелеп, қиындықтарға төзімділік көрсетіп отырған бәріңізге де ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, балаларыңызға бақытты балалық шақ тілеймін! Бейбітшілік заман, дастарханда нанымыз мол, ағымыз көп болсын! Әз Наурызға арналған шаралар бізде осы ай бойы жалғасын таба береді. Соған да қатысыңыздар, сіздермен тек жақсылықта жүздесу бұйырсын!- деп аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірге ерекше балаларға тәттілер таратты.
Акция барысында аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама тамашаланды. Ерекше балалар да өз өнерлерін ортаға салды. Олардың бір тобы аудан өнерпаздарының шақыруымен ортаға шығып, әдемі әнге билеп, тақпақтар айтты. Сары інгенін жетектеген, ақ батасын берген Қыдыр атамен бірге суретке түсті.