Бүгінде әр жанұяның есігі мен терезесіне үңіліп, үй айналасын торып, ғасыр індеті жайлап жүр. Оның аты - нашақорлық. Халқымыз денсаулықты байлықтан да, басқадан да жоғары қоюынан-ақ саулығымыздың қаншалықты қадірлі екенін аңғаруға болады.
Десе де, осындай баға жетпес құндылықтың қадіріне жетпей, өміріне өз қолдарымен балта шауып жүргендер қаншама. Осы ретте, М.В.Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінде нашақорлықтың алдын алу мақсатында жоспарға сәйкес ашық сабақтар, семинар мен лекциялар өткізілуде.
Шараның мақсаты: адамзаттың тағдырына қауіп төндіретін есірткі мен темекінің зиянын түсіндіре отырып, оқушыларды саналыққа, салауатты өмірді таңдауға, тазалыққа, лас істерден аулақ болуға, жан сұлулығымен қатар тәніміздің әдемілігін сақтауға тәрбиелеу. Отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа баулу.
Соған сәйкес, дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы А.Тлеуғалиевтің жетекшілігімен "Спорт- есірткіге қарсы" ұранымен спорттық додалар топтамасы оздырылды. Онда қысқы ойындар, эстафеталық жарыстар, тоғызқұмалақ, дойбы, асық атумен қатар, арқан тартысып, ләңгі тебісті. 10-11 сынып жетекшілері "Қыз. Жасөспірім. Бойжеткен" тақырыбында қыздарға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырып, 1-5 сыныптың ұстаздары "Біз нашақорлыққа қарсымыз" атты сынып сағатын және "Көңілді старт", “Мороз и солнце, день чудесный” атты таза ауада қозғалмалы ойындар ойнатты. Бұл орайда, балаларға әр адамның мәнді де, сәнді өмір сүруі үшін денсаулықтың әсері ұшан - теңіз екенін, сондықтан өміріміздегі ең жарқын жастықтағы деніміздің саулығына бүгіннен бастап қамқорлық танытып, алаңсыз шақтың тамырына балта шабылмасын,- деп мұғалімдер шараны қорытындылады.
Құрметті білім алушылар! Есірткі сынды зиянды заттарға әуес болмайық. ХХІ ғасырдың саналы азаматы ретінде ғаламдық дертке жол бермейік. Еліміздің ертеңі - сіздің қолыңызда. Тірегіміз – сендерсіңдер!
Шырақбаева Назерке Шырақбайқызы
М. В. Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі