Нар тұлғалы аталарым, қабыл болған баталарың!

(1 Vote)

Иә, атаға деген махаббат немересіне туған әкеден де ыстық болады екен.

Менің бүгін аталарым жайлы толғаныс эссемді жазуыма тура келіп отыр.

Менің атам Елеуов Исатай Базарбайұлы өмірінің соңына дейін Атырау облысы , Құрманғазы ауданы, Нұржау орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген. Атам қара сөздің қас шебері, суырып салма ақындық өнері де болған. Атамның есімі ұлағатты ұстаз ретінде аудан, облыс көлемінде кеңінен қалған. Оның тәрбиелеген шәкірттері өмірден өз орындарын тауып, әлемнің әр түкпірлерінде, түрлі салаларда еңбектеніп жүр. Көптеген шәкірттерінің есімдері қазір де кеңінен танымал. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ардагер, журналист Таңатар Дәрелов ағай атамның сүйікті шәкіртінің бірі болған. Ол кісі атам жәйлы көптеген естеліктерге қанық.

Менің әкем үш баладан кейінгі жанұядағы кенже бала. Әкем үшінші сыныпта оқып жүрген кезде анасы Рабиға (менің әжем) өмірден озған. Атамның сүйікті жарынан айырылғаны қабырғасын қатты қайыстырады. Алайда , атам қиындықтарға мойынсұнбай, үйде өз балаларын, мектепте шәкірттерін тәрбиелеуде талмас еңбек етеді. Балаларын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» тәрбиелеу ер азаматқа тән қайсар мінез деп білемін. Ондай қайсар мінезділік екінің бірінде бола бермейді деп есептеймін.

Жоғарыда айтқанымдай, атам қырық жылдан астам өмірін табан аудармастан ұстаздыққа бағыштап, Теңіз ауданының Ленин орта мектебінде қызмет істеген.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та бар қалан.

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға,

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға,- деп ұлы Абай айтпақшы, атамның өмірлік мұраты ұстаздық болса, сол ісіне қалтықсыз адал болып өткен.

Атам нұрлы жүзді, қыр мұрынды, сұлу өңді адам екен. Табиғатынан адал, айбынды, біреудің ала жібін аттап көрмеген, «тура биде туған жоқ» деп, ешкімнің бет жүзіне қарамай, әділін айтып , қарап отыратын мінеззі болған. Қазір үйде жанына серік етіп, жатпай-тұрмай жинаған небір кітаптары атадан қалған ескерткіш болып тұр. Заманының адал коммунисті болып, бірнеше жыл партия қатарында арына шаң жұқтырмай өткен. Ұстаз болған жылдарында қолынан небір шәкірттері самғап ұшып, халыққа қалаулы азаматтар болған. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген рас шығар, ауылдастар әлі күнге дейін «Исатай ағай қандай еді, шіркін! Сол кісінің көздері ғой, балалары да сондай білімді, сауатты оқыған» деп тебіренгенде біздің де төбеміз көкке бір елі жетпей қалады.

Менің нағашы аталарым да өз кезегінде танымал адам болған. Менің қарт нағашы атамның есімі Нарынның нар тұлғалы ұлы ретінде белгілі жазушы Тахауи Ақтановтың және Марат Ысқақовтың «Нұржауда өскен бәйтерек» поэмасының кейіпкері аталып, елбасымыз Нұрсылтан Әбішұлы Назарбаевқа арнайы бата берген, Атырау ақсақалы ретінде есімі тарихта қалған Наурызбаев Мұғал Күнтуарұлы. Нағашы қарт атам өз дәуірінде ұзақ жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарған. Атам Атырау облысы, Құрманғазы ауданының құрметті азаматы, елге белгілі, ұлт жанды, ақын жанды, сабырлы да салмақты, парасатты да байсалды жан болған. Өзінің талмай еңбектенуінің арқасында «Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығын еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болған. Ғұмырының соңғы жылдарында туған жерінде халықты имандылыққа баулып, мұқтаж адамдарға қамқорлық жасаған. Осылайша, ол артына өнегелі із қалдырған. Былайша айтқанда, текті жанның мінез-құлқын көрсетіп, өзінің сондай атаның ұлы екенін дәлелдеп кеткен.

Менің туған ауылым Нұржау ауылы деп аталады. Осы Нұржау ауылының негізгі іргетасын қалаған менің қарт атам - Мұғал Күнтуарұлы. Ауылда атамның атында көше бар. Сол көшемен жүру мен үшін үлкен мәртебе. Жоғарыда өз атам мен қарт нағашы атам жәйлы сыр шертсем, ендігі сөз нағашы атам Зинуллин Ғайнолла жәйлы болмақ. Атам өз кезеңінде Республика, облыс көлеміне кеңінен танымал болған белгілі журналистердің бірі. Атам Ғайнолла Зейноллаұлы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Өмірінің соңына дейін «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінде бірнеше жыл бойы бөлім редакторы қызметтерін атқарған. Не жазса да, жауапкершілік пен жинақылықтан ауытқымай, қара қылды қақ жаруға тырысуы – оның қолтаңбасының басты ерекшелігі еді . Қашанда, айтар ойын шегелеп, ноқталап жеткізеді. Оның көкейтесті мәселелер көтеріп, көпшілікті елең еткізерлік, өзекті мәселелерді арқау еткен мақалалары газет – журналдарда басылған.

Атыраудың бүгінгі сөз ұстасы, тіл тәрбиесінің ұстазы, белгілі көсемсөз шебері бола білген атамның қолтаңбасы ерекше. Елу жылға жуық ғұмырын мерзімдік баспасөзге арнаған қарымды қаламгер үшін бұл салаға сіңірген еңбегі елеулі, қалдырған ізі терең деп білемін.«Мен үшін атам жүрген жерде рух жүретін секілді. Рас, атамның бойында тегеурінді тектілік бар болатын. Ұсақ-түйекке ұнжырғасын түсіріп көрген емес. «Әр іске кіріспес бұрын алдымен ойланып алған дұрыс, сонда адам жақсы мен жаманның парқын айыра біледі» деп бізге үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Атам өз туындыларында қандай мәселе көтерсе де, сол өзі әңгімелеп отырған тақырып төңірегінде кеңінен толғап, пікір білдіріп, оқырманға ой тастаушы еді. Өзін толғандырған мәселе басқалардың көкейіне жетсе екен деген ізгі ниеті байқалып тұратын. Адам өмірге жылап келіп, ағайын-туыстарын, жанашырларын жылатып кететіні айдан-анық. Тумақ бар да өлмек бар дегендейін, ерте ме, кеш пе кімнің болмасын бақилық болуы Алланың бұйрығы.

Адам баласының ажалға қарсы тұрар қауһары жоқ. Демі таусылғанша атамның қолынан қаламы түскен жоқ. Журналист үшін, жазушы үшін одан асқан бақыт бар ма?! Адалдықты ту еткен қарымды қаламгер атам оқырман көңілінен шығатын артында өшпейтін мұра қалдырды. Бүкіл саналы ғұмырын газет ісіне сарп етіп, азбайтын асыл сөздерін келер ұрпаққа мұра еткен қаламгер атамның бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталары даусыз. Менің аталарым өмірден озса да арттарына өлместей мұра қалдырған. Өмірден озған тұлғаны еске алып, оның барлық жақсы, тәлімді, ұлағатты істерін, мінез-құлқын, іскерлік қасиеттерін, жақсы жағын, өмірде алған орны мен жеткен биігіне таратып, санап жатса, оның бүгінгі ұрпаққа, келер толқынға берер сабағы мен өнегесі мол болмақ деп ойлаймын. Осы ретте менің аталарымның ғұмыры да бір азаматқа үлгі боларлық, әулетіне мақтаныш жағдайда өтті деп есептеймін. Мен аталарымды мақтан тұтамын!

Шұғыла Кенжетайқызы,

Нұржау орта мектебі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT