Нағыз қазақ – Домбыра

(0 Votes)

Биыл үшінші жыл шілде айының алғашқы жексенбісі – ұлттық Домбыра күні ретінде аталып өтілгелі отыр.

Бүгін бұл күн жалпы халықтық мерекеге айналып өз жалғасын табужа. Алғашқы жылы астанамыздың төрінде – «Мәңгілік ел» монументінің алдында 2000 – нан астам күйшіден құралған оркестр өнер көрсетіп, «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» «Сарыарқа» және т.б күйлерді орындаған болатын.

Оркестрдің ең жас мүшесі – жетіде, ал ең үлкені жетпіс бес жаста еді. Осылайша ұлт аспабы ұлттық Домбыраны мемлекеттік деңгейге көтеру елдің еңсесін көтеріп, ұлттық рухын оятқан. Бұлай болуының реті де бар – ды. Өйткені Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт – дәстүрі, бүкіл бітім – болмысы. Ол ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатыр. Бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғаны бәрімізге белгілі. Ғалымдар ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл шамасы бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал теңізі маңынан табылған қолына домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден бұрынғы 4 ғасырдың мұрасы екені тарихтан белгілі. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден 5 ғасырға тиесілі. Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның үнін естіп келе жатыр. Мойнына көне түркі таңбасымен «жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді» деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Сонау бағзы заманнан бері ұлттық аспабымыз бүгінде заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосып келеді. Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе туындылар қазақтың табиғатын танытады.

Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналды. Бір сөзбен айтқанда , ол қазақтың – бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті. Домбыра қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Ал күй атасы мен анасын өмірге әкелген біздің Атырау өңірі үшін домбыраның маңызы тіптен бөлек. Өткен ғасырдың 60 – жылдары біздің өңірді аралаған академик – жазушы С.Мұқанов әр шаңырақтың төрінде ілулі тұрған домбыраны көріп, тамсанып жазған болатын жолжазбаларының бірінде. Әр шаңырақтың төрінен домбыра табылатын біздің Құрманғазы ауданы ежелден өнердің өлкесі. Сонау көне тарихы Баламайсан күйші мен Шөже жыраудан басталатын одан кейінгі Шернияз күйші мен жалынды ақын Махамбет, күй атасы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек, Елжан, Сұмағыл сынды өнер саңлақтары осы өңірде дүниеге келген. Бұл өлке сол бабалар жолының мұрагері ретінде республикамыздың мәдени өмірінде кеңінен танымал. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде сол кездегі Гурьев қаласындағы мұнайшылар үйінің жанына құрылған Д.Нұрпейісова атындағы ұлт – аспаптар оркестрі тамаша өнер көрсеткен болатын.

Дүйім жұртты таң қалырған сол оркестрдің құрамындағы прима – қобызшы Х.Ахметжанова, домбырашы Б.Қарабалина, А.Елеуов, Ә.Бекешова альт – қобызшы Ғ.Бердешов біздің жерлестеріміз еді. Қазақ күй өнерінің құдіретін күллі әлемге паш еткен халық әртісі Әзидолла Есқалиев те осы киелі топырақтың перзенті. Сондай – ақ ауданымызда ұлт – аспаптар оркестрлері де өңірдің мәдени өміріне өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Алғашқы өнер ошақтарының бірі де бірегейі 1965 жылы орлы мәдениет үйі жанынан құрылған әуесқой домбырашылар ансамблі бүгінгі күні «халықтық» деген атқа ие болып, ұлт – аспаптар оркестрі деңгейіне жетіп отыр. Талай облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы , түрлі сайыстардың лауреаты мен дипломанттары. Аудандық мәдениет үйі жанынан ауыл өнерпаздарының басын қосқан әуесқой домбырашылар ансамблі де 1976 жылы ұлт – аспаптар оркестрі болып қайта құрылды. Оркестрдің қалыптасып дамуына марқұм Т.Ахметжановтың сіңірген еңбегі зор.

Театр репертуары қазақтың халық күйлері , танымал композиторлардың туындыларымен қатар классикалық шығармаларымен де жыл озған сайын толығып, жаңарып тұрады. Бүгін «Жиделі» атанған аудандық ұлт – аспаптар оркестріне танымал өнерпаз, әуесқой композитор, үлкен талант иесі, мәдениетке еңбегі сіңген қайраткер Т.Зинуллин жетекшілік етеді. Қ.Түсіпқалиев, О.Дүйсенов, С.Әбдірахманов, Ж.Сариев, М.Долдашев, Ш.Сұлтанов, М.Зинелова сияқты домбырашыларымызды біз әркез мақтаныш етеміз. Ұлы Мұхаңның (М.Әуезов) «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген тәпсілін азырақ өзгертіп, «Құрманғазыға барсаң домбырашымын деме» десек артық болмас сірә. Міне, сонымен ұлттық мұрамыз домбыраға арнайы күнді теліп, мереке деп белгілеуіміздің өзі ұлттық сананы жаңғырту жолындағы игі қадам десек артық айтқандық емес. «Енді осы үрдісті үлкен шеңберде үлгі – насихат құралына айналдыруды қолға алғанымыз жөн. Ел – елде, жер – жерде домбыра жасайтын шеберханалардың жұмысын жандандырып, төл аспапты әр үйдің шаңырағына қолжетімді етуіміз керек. Домбыра дүбірі рухымызды жанып, елдігімізді еңселі етті ,» - деп жазған болатын дүлдүл күйші С.Тұрысбек. Ал ақын Қ.Мырзалиев: -Қос ішектің бірін –қатты, Бірін сәл-пәл кем бұра, Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра! – деген болатын. Иә, қазақ – Домбыра, домбыра – Қазақ болып бүртұтас дүниеге айналып кеткеніне тарих – куә, сан ғасырлар – төреші. Олай болса , қазағымыз – аман, Домбырамыз – баянды болсын. Ұлықтауға лайық Ұлық мерекеміз құтты болсын!

Нариманбек Шолтырұлы,

Бірлік ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT