Нұржау ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындар игілігіне қайтадан пайдалануға берілді.
Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ашылу рәсімі өтті.
Аудандық орталық аурухана мекемесі тапсырыс беруші болған құрылысты «Құрманғазы строй груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Кеңшар орталығы болған ауылға сонау 1974 салынған ғимаратқа соңғы 14 жылдың бедерінде ешқандай жөндеу жүргізілмей әбден тозығы жеткен болатын. Соған сай ауыл тұрғындары аудан әкімдігіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасына талай рет өтініштерін түсірген еді. Нысан өткен жылдың қазан айынан бері күрделі жөндеуге тұрып, осы уақыт аралығында сапалы жұмыстар атқарылды. Жалпы ауданы 168 шаршы метрді құрайтын нысан жаңаланғанын аңғартқандай сыңғырлап, айналасы жасыл желекке малынып көмкеріліп тұр. Ғимаратта талапқа сай жабдықталған процедуралық емдеу, екпе алу бөлмелері, зертхана 3 мыңға жуық ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Қазіргі уақытта дәрігерлік амбулаторияда меңгеруші, жоғары санатты аға мейірбике, жалпы тәжірибелі мейірбике, лаборант, техникалық қызметкелерді қоса алғанда 7 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, ауыл ақсақалы Өсер Серікбаев, осы емдеу мекемесінде еңбек еткен зейнеткер Зинет Абдировалар жаңарған амбулаторияға құтты болсын айтып, ауыл тұрғындарына игілігін көруді, қызметкерлерге жемісті еңбек тіледі.
Айбек МЕЙІРМАН