Аудандық аналар кеңесінің жоспарына сай «Қастерлеп ел пір тұтып бас иетін, жалғанды бабалардың қасиеті» тақырыбында Нұржау ауылдық округі аналар кеңесі «Батыр ана», Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Халық емшісі, бар ғұмырын туған халқының денсаулығына арнаған ел анасы Дәметкен Серікбайқызының ізін жалғастырушы Ардақтым Төлепбергенқызымен сыр-сұхбат ұйымдастырылды.
Шараға жиналғандар алдымен киелі Сазды аралына табан тіреп, Қарлығаш, Қазбек, Қаби, Серікбай аталар мен ел анасының басына зиярат етіп, құран бағыштады. Әулеттің атақонысында ажарлы тірлікті сақтап отырған Ардақтым Төлепберенқызы «Ақ жылан аруақты әулет» атты қайта жаңғыртылған музейімен таныстырды. Мұнда жинақталған 100-ден аса құнды жәдігерлер киелі топырақтың тарихынан сыр шертеді.
Ардақтым Төлепбергенқызы өз кезегінде мұражай жөнінде жан-жақты мәлімет беріп, егжей-тегжейлі түсіндірді. Қасиетті ананың емшілік жолын бұл күндері Ардақтым қызы жалғастыруда. Музейдің алғаш ашылуы, кейінгі буынға берер тағылымы, Серікбай атаның сынықшылық қасиеті жөнінде еңбек ардагері Мәдениет Харесов айтып өтсе, ардагер ұстаз Жібек Қисымқызы Дәметкен апай туралы тартымды естелгімен бөлісті.
Шараның соңғы бөлімі Нұржау ауылдық клубында жалғасын тапты. Оның шымылдығы ел анасына арналған қойылыммен ашылды. Одан әрі Ардақтым Төлепбергенқызымен әсерлі сыр-сұхбат жүргізіліп, көрермендермен де кері байланыс орнатылды.
Соңында ауыл әкімі Мұрабек Мұғалім, ардагерлер, ауылға қарасты мекеме басшылары шараны үйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдіріп, Ардақтым Төлепбергенққызына құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Айнагүл Шакупова