Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар бойынша хабарлама жасаған округ әкімі Мұрабек Мұғалім:
- Округ бойынша кірме және ауылішілік жолдарды жаяу жүргіншілер жолымен бірге жаңғырту жұмыстарына 2020 жылы 7 сәуірде №14 «Атырау жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасақталып, жоба құны 809 млн. 21 мың теңге болды. Құрылыс мерзімі 2020-2022 жылдарды қамтиды. Нұржау жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы аяқталып, пайдалануға берілді. Нұржау су тазарту қондырғысына техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілді, 2022 жылға қажетті құрал-жабдықтарына бюджеттік өтінім жолданды. Құрылысы жүріп жатқан ауылішілік жолдарды жобалау-сметалық құжаттарына өзгерістер енгізіп, мәдениет үйі жанындағы Ақботин, Сатеков көшелерін қосатын тас жол салу жөнінде мердігер мекемеге хат жолданды, қазіргі таңда ұсыныс қаралуда, - деген хабарламашы түрлі салалар бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Еңбек ардагері Өсер Серікбаев ауылда спорт кешенінің жоқтығын, «жедел жәрдем» көлігін бөлгізу қажеттігін, «Атырау-Астрахань» тас жолында мал өткелі салынбағандықтан көліктердің төрт түлікті қағу фактілері жиілеп кеткенін ортаға салды. Шаруа қожалығының иесі Серік Алғаязов түнгі жарықтандыру, ойын алаңдарын салу, каналдарды суландыру, жанар-жағармаймен қамту сынды мәселелерді қаперге берді. Зейнеткер Муса Исаев, ардагер ұстаз Жібек Қисымова ауылішілік жолдарды жөндеу, қоқыс алаңын басқа жерге көшіру, тұрғындардың газ қазанын уақытында тексеріп отыру, ауылды Қиғаш-Маңғышлақ су құбырына қосу сияқты көпшіліктің ортақ тілегімен бөлісті.
Аудан әкімі Марат Мурзиев өзекті мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Спорт кешенін салуға облыстық құрылыс басқармасына өтініш бердік. Олар қанағаттандырмаса аудандық бюджеттен қаржы бөлеміз. «Жедел жәрдем» көлігімен қамтуды шешуге жұмыстанамын. Мал өткелін жоба жасағанда бірден енгізіп жіберу қажет еді. Енді салынған жолды қайта бұза алмаймыз. Жол сапасы бойынша техникалық қадағалаушы бар. Сапасыз болса, қырғызып қайта салдыра алады. Кепілдік мерзімі 2 жыл. Каналдардың 50 шақырымына тереңдету-тазарту жұмыстары жүргізілуде, - деп басқа да алдағы уақытта атқарылатын істерді қаперге берді.