Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ауданымыздағы жұмыс сапары барысында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Құрманғазы ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов Самаркин елді мекеніне жазғы су құбырын тарту, Орлы, Хиуаз ауылдық округтеріне жол салу мәселелерін көтерді.
– Аймақ тұрғындарының ауыз сумен қамтылуы 87,7 пайызды құрайды. Әсіресе, жаз мезгілінде көбіне оны егінге де пайдаланғандықтан, осы уақытта тіршілік нәрінің жетіспеушілігі туындайды. Қазіргі таңда 4 ауылға жазғы су құбырын тартудың жобалық сметалық құжаттамасы жасақталды. Соның ішіне Самаркин елді мекені де кіреді.
Аудан бойынша Хиуаз, Нұржау, Орлы ауылдық округтеріне кірме және ауылішілік жол қажет. Биылғы жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы негізінде Нұржауда бұл жұмыстар жүзеге асады. Қалған екі ауылдың да жол құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Облыстан қаржы бөлінсе, аталмыш игі істер атқарылады деген ойдамыз, - деді аудан әкімі Қайрат Талапұлы. Аймақ басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы басталған жобалар жоспарға сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын қаперге берді.
А.Шакупова