Биылғы Әз Наурызды табиғат та жайдары қалыпта қарсылады. Аудан орталығына орнатылған үлкен сахна мерекеге сай әдемі безендіріліпті. Ұлттық киім киген аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов бастаған топ орталық алаңда құрылған киіз үйлерді аралап, ардагерлермен, үлкендермен амандасты.
Жылда бір келетін ұлттық мерекеміз болған соң адамдардың жүздері де жарқын. Жағалай көрісіп, бір-бірінің хал-жағдайларын сұрасып жатыр. Алаң төрінен көпірге дейін созылған аралықта сырт көзге көлге қонған аққудай көрінген, сән-салтанаты жарасқан он киіз үй тігіліпті.
Шұбырған халықтың арасынан аппақ болып, мойнын созып қарап тұрғандай. Кейбірін округтер мен бөлімдер бірлесіп көтерген екен. Барлығында да мерекелік дастархан жайылып, бас сұққандар құрметпен төрге шақырылып, наурыз көже ұсынылуда. Жандарында самауырлар селкілеп қайнап, қазандардан бүйірі бұлтиған сары бауырсақтар ыдыстарға қарғуда. «Қыздарымызбен таңертең келгенбіз, содан бері осы жерден өткен аудан тұрғындарына наурыз көжемізден дәм таттырудамыз. Халық риза болып кетіп жатыр. Бәрін өзіміз дайындап әкелдік. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», - дейді бізге көже ұсынған, ұлттық киім киген «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының басшысы Жанар Абдуллина.
Толығырақ «Серпер» газетінен оқисыздар