Нұрмұхамед Байғара шеберлік дәрісін өткізді

(0 Votes)

«Атырау-Ақпарат» баспасөз клубында белгілі журналист, республикалық «Аiqyn» газетінің бас редакторы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, саясаттанушы Нұрмұхамед Байғара жаңа медиа бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

«Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігінің директоры Ысқақ Егембердиев уақытының тығыздығына қарамастан, журналистерге шеберлік дәрісін өткізіп, тәжірибесімен бөліскен Нұрмұхамед Байғараға алғысын жеткізді.

Жаңа медианы дамытуға арналған кездесуде «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігіне қарасты БАҚ өкілдері тікелей және 7 аудандық газеттің қызметкерлері селекторлық режимде қосылып отырды. Спикер жаңа тренд, ақпарат берудің әдістері, заман талабына сай ақпарат тарату, бүгінгі газетті сұранысқа сай бейімдеу, таралымын арттыру, мақаланың контентін өзгерту туралы жан-жақты сөз қозғады. Сондай-ақ, сараптамалық саяси журналистика мен жаңа медианың мүмкіндіктері туралы айтып, өзі басқаратын «Айқын» газетіндегі тәжірибесін ортаға салды.– Газетке берілетін ақпарат қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоймау үшін оны сараптап берген маңызды. Бір жағынан бұл оқырманның да басылымға деген қызығушылығын арттырады. Оқылымды бола түскен газетке қашанда сұраныс жоғары екені белгілі – деді Нұрмұхамед Байғара.

Журналисттің ағылшын тілін еркін меңгеруі де заман талабы, яғни әлемдік ақпараттарды оқуға, жаңашылдықтарды үйренуге, өңірге келген туристермен сұхбаттасуға бірден-бір мүмкіндік екенін алға тартты. Газетті тартымды ете түсу үшін мақалаға сурет таңдай білудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Бүгінде интернеттен дайын суретті әкеліп орналастыра салу оқырманға қызықсыз екенін, әр дизайнер мақаланың мазмұнына сәйкес фотоколлаж жасай білуі қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, спикер сараптама материал жазған кезде нені ескеру, лоңрид, сұхбаттарды қалай ұйымдастыру керектігін түсіндірді. Газет пен сайттағы мақалаларға бірдей тақырып қоймау, әлеуметтік желілерде бөлісу, тарату, лид пен қысқаша пост жазудың маңыздылығын жеткізді. Материалдың оқылымын және газеттің таралымын арттырудың жолдарымен бөлісті. Бүгінде «Айқын» газеті электронды жазылымды қолға алған екен. Осы және өзге де тың идеяларын ортаға салған Нұрмұхамед Байғара бүгінгі медиадағы заманауи үрдістен көріну үшін редакциядағы әрбір маманның үнемі ізденісте болуы және газеттің бас редакторы жарық көретін әрбір нөмірдің сапалы, оқылымды, мазмұнды шығуына баса назар аударуы қажеттігін айрықша атап өтті.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521