ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов Құрманғазы ауданына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Іссапар барысында Әділ Орынбасарұлы ауданнан шалғай жатқан Азғыр өңірі бойына барды.
Алдымен Асан ауылдық округінде ауыл ақсақалдарымен кездесу өтті. Ауылдың ахуалын, мұң-мұқтажын, өтінішін жеткізе келген ардагерлер ең басты деген мәселелерін де жіпке тізгендей етіп айтып берді.
Олардың қатарында негізгілері - ауданмен қатынас жолы, интернет, байланыс желісінің төмендігі, ауылға дәрігер мамандарының жетіспеушілігі, ауыз сумен толықтай қамту мәселесі бар.
Қозғалған ауыл үшін маңызды мәселелерге қатысты мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов : «Биыл наурыз айында осы Асан ауылының интернет мәселесін шешу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен кездесіп сөйлескенде, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Асан, Үштаған, Нұржау ауылдарына жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту мәселесі шешілетіні айтылған болатын. Бүгінгі таңда интернет тарту жұмыстары басталған. Бұл жұмыстар Цирфлық даму министрлігімен жүргізіліп жатырғандықтан, тікелей бақылауымда болады. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылы ауданның Азғыр, Қоңыртерек, Шестой, Балықшы, Шағырлы, Иманов, Құмарғали, Дәулет, Батырбек, Егінқұдық, Жасталап елді мекендеріне интернет тартылады. 2026 жылы Қошалақ, Каспий, Күйген, Жасарал елді мекендері толықтай интернет желісімен қамтылмақ » деп толықтай түсінік беріп өтті.
Халық қалаулысы сонымен қатар, ауыз су мәселесіне қатысты да пікірін білдірді. «Қоянды топтық су құбырымен 9 елді мекенді түгел қамту үшін 6 ұңғыманың құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталғанымен, ауыз сумен қамтамасыз ету әлі шешілмеген. Аудан әкімдігімен Қоянды топтық су құбырын республикалық меншіктен аудандық меншікке беру ұсынылған. Алайда, ауданда аталған саламен жұмыс жасайтын коммуналдық мекеме болмауына байланысты жергілікті меншікке алу мүмкіндігі жоқ. Мәжілістің алдағы сессиясында қолданыстағы заңдарға жергілікті атқарушы органдарға коммуналдық мекеме ашуға мүмкіндік беретін ұсыныстарды енгізетін боламын» деді Әділ Жұбанов.
Сонымен қатар, аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы Азғыр өңірінің ауыз су мәселесін бар мүмкіндікті пайдалана отырып шешуге жұмыстанатынын айтты.
Дәрігер жетіспеушілігі де бұл ауылда алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі. Бұл ретте, аудан басшысы Абат Жанғалиев аудандық аурухана директоры Саида Зулхашевамен кеңесіп, еліміздің әр облысынан мамандарды тарту жұмыстары қарқынды жүруде екенін айта келе, келген маман тұрақтап қалуы үшін округ әкімдеріне тарапына да тиісті бағытта тапсырмалар берілгенін мәлім етті.
Мәжіліс депутаты одан әрі Үштаған елді мекенінде болып, құм көшкінін тоқтату аясында атқарылатын жұмыстарды пысықтады.