Мықтылар таңдайтын мамандық

(0 Votes)

Құтқарушы — қауiптi, өмiрді тәуекелмен байланыстыратын мамандық.

Түрлi табиғи және техногендiк апаттарда өліммен бетпе-бет келетін кәсіп иелерінің қашан да мәртебесі биік. Өйткені олар адам өмірін құтқарумен айналысады. Кездесетін түрлі қиындықтарға қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді. Лаулаған оттың ортасына кіреді, терең судың тұңғиығына сүңгиді, апатты орындарда қансырағандарды құтқарады, жаздың аптабында, қыстың аязында адасқандарға қол ұштарын созады. Қызметтерінде осындай ерлікке толы игі істер атқаратын құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекесінде аудандық төтенше жағдай бөлімі аудан орталығындағы Абай, Ломоносов, Әуезов атындағы мектептердің жоғары сынып оқушыларына «Ашық есік» күнін өткізді.

da1ee212-fa91-4300-92e8-df2e73a9b058

- Құтқарушы болу үшін ержүректік, төзімділік, ептілік керек. Өйткені біздің қызметте бәріне дайын болуың қажет, отқа да, суға да түсесің, қанды да көресің, өлімді де көресің дегендей мықтылар таңдайтын мамандық. Сондықтан бұл жұмысқа ер мінезді адамдар ғана шыдай алады, - деген №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Дәурен Нухов жас жеткіншектерге өрт сөндіру машинасының жабдықтарымен, команда жасағының арнайы киімдерімен, дабыл бойынша оқиға орнына шығу дайындығымен таныстырды.

Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде жиі қолданыста болатын «Трэкол» вездеходының, «holmatro» құрал-саймандар жиынтығының, сүңгуірлер костюмінің қалай пайдаланылатынын көрсетті. Аудандық төтенше жағдай бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Талғат Сансызбаев акцияның мақсатына тоқталып, қызметтері туралы айтып өтті.

195b643b-7758-45f7-a6b4-917527826c2e

– «Ашық есік» күні шарасы мектеп оқушылары арасынан болашақ құтқарушы мамандығына кадрлер дайындауды көздейді. Сондай-ақ, қазіргі жеке құрамдағы жас мамандардың машықтығын жетілдіру мақсатында зейнетке шыққан ардагерлермен кездесіп, тәжірибелерін үйренетін болады. Төтенше жағдай бөлімінде 4, өрт сөндіру бөлімінде 54, суда құтқаруда 2 қызметкер тұрақты жұмыс жасайды. Өздеріңіздер білесіздер, өткен аптада теңіздің тамағында болған қамыс өртін ауыздықтауға біраз күш салынды. Жердің батпақты болуынан жақындап барудың еш мүмкіндігі болмады, облыстан шақыртқан тікұшақ та тиімділігін бермеді. Тек жеке құрамның жанқиярлығының арқасында сапалақ әдісімен сөндірілді. «Апат айтып келмейді» дегендей, өрт оқиғасы болмай тұрмайды. Өткен әзірде «Аманат» құрылыс дүкені, «Құралай» супермаркеті отқа оранды. Біздің анықтаумыз бойынша токтың қысқа тұйықталуынан болды деген болжам бар. Кәсіпкерлік нысандарды тексеруге мораторий жариялануына орай кейінгі уақытта тексермейміз, тек қолдарына жадынамаларын беріп, ескертіп қана кетуіміз олардың салғырттыққа салынуына әкеліп соққан сыңайлы. Жалпы бұл әрдайым өртке қырағы болу қажеттігін ұқтырады. Тілсіз жау санаулы мезеттің ішінде орасан зиянын шектіреді, бір жақсысы адам шығыны, күйік алуы болмады.

 

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521