Музейге тарту

(2 Votes)

Құрманғазы аудандық музейінде «2020 жылы музейге қабылданған жәдігерлер»  тақырыбындағы көрменің таныстырылымы  өтті. Мақсаты – халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар және жеке адамдардың құжаттары арқылы өлкеміздің өткені мен бүгінгі куәсін келешек ұрпаққа жеткізу.

Жеке тұлғалар сақтауға тапсыратын құндылықтар музей қорын қалыптастырудың басты көзі болып табылады. Өйткені, олардың әрқайсысы өткен күннен бір белгі беретін жәдігер. Тұрғындар  ел тарихына қатысты мұраны немесе елге белгілі тұлғаның қолданған заттарын, құжаттарын музейге сақтауға табыстайды. Заттардың барлығы арнайы комиссиямен қабылданып, қорға өткізіледі. Осындай отбасылық жәдігерлерді  музейге сыйға тарту мен тапсырудың арқасында өткен жылы музей қоры 96  жәдігерлермен толықты.

muzej-gurkhar1

Қазақ елінің тарихынан ойып тұрып орын алған, әр салада қызмет атқарған  аға буынның өзінен кейінгі ұрпақ айта жүрер игілікті істері ел есінде сақталып, есімдері өшпейді, керісінше аттары аңызға айналады. Олар жылдар жылжып, уақыт өткен сайын жадымызда жатталып, тарихи құжаттарда қатталып қала берері сөзсіз. Атырау облысы тарихи-өлкетану музейімен келісімшарт негізінде Шымкент қаласынан, ИП «Батырмұхамедов» мекемесінен  арнайы тапсырыспен алынған 14 дана аң мен құстардың тұлыбы, олардың ішінде дала тағысы қасқыр, түлкі, борсық,  дала мысығы және құстардың түрлері көрмеден орын алған.

muzej5

muzej6

Халқымыздың тұрмыстық бұйымдарын, әр салада еңбек еткен аға буынның құжаттарын жинақтап, музей қорын жәдігерлермен толықтыруда белсенділік танытқан Сүйінішова Айша Мақсотқызы және Хайрошова Арайна Нәсиполлақызы өз кезегінде ойларымен бөлісіп, алғыстарын жеткізді. Ұрпақтары  қатысқан  шара соңында   музей меңгерушісі Гаухар Тауманова:«Біздің мақсат танымал адамдардың өнегелі өмірі, жәдігерлері арқылы келешек ұрпаққа мұра қалдыру. Осы орайда белсенділік танытқан сіздерге алғысымыз шексіз. Бұл жәдігерлердің бәрі де алға қарай келуші көрермен назарына ұсынылады», дей отырып, музей ұжымы атынан Алғыс хат тапсырды.

muzej

Аудан тұрғындарын алға қарай да халқымыздың өткен өмірі мен тарихын зерттеуге үлес қосу үшін, болашақ ұрпаққа қазақтың болмысын танытатын құнды жәдігерлерді музей қорына тапсыруға шақырамыз.

Ақмарал Мусағалиева
музей қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521